НҰР-СҰЛТАН, 11 мамыр – Sputnik. Қалалық полиция департаменті "Қамал-2" тұрғын үй кешенінде болған оқиғаға қатысты мәліметті жариялады. Үш жасар қыз терезенің шетінен ұстап, құлап кете жаздаған болатын.
"Үш жасар бала терезенің астына жұмсақ ойыншықтар мен жастықтарды жинап, терезеге шыққан. Кейін карнизден қолымен ұстап, ілініп қалды. Қуанышқа орай, жақын жерден табылған батыл әрі қамқор жігіттің арқасында оқиға сәтті аяқталды", - дейді департамент мамандары.
Тәртіп сақшылары баланың анасымен профилактикалық әңгіме жүргізіп, жалғыз қалдырмау қажеттігін ерекше атап өтті.
"Ешқашан балаларды қараусыз қалдырмау керек, балалардың ашық терезелердің жанында ойнауына жол бермеу қажет. Терезе тұтқаларын алып тастаңыз немесе арнайы құлпы бар тұтқаларды қолданыңыз, терезе бекіткіштері мен құлыптарын орнатыңыз", - деп атап көрсетті полицейлер.
Еске салсақ, төтенше жағдайлар министрлігі 8-қабаттың терезесінен құлап кете жаздаған баланы құтқарып қалған Сәбит Шонтақбаевты "Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін" төсбелгісімен марапаттады.