АЛМАТЫ, 9 мамыр – Sputnik. Алматыда Жеңіс күні "Батырларға тағзым" акциясы өтті.
Sputnik Қазақстан тілшісінің хабарлауынша, акцияға 10 мыңдай адам жиналды. Олар Ұлы Отан соғысына қатысқан ата-бабаларының портретін алып келді.
Қала тұрғындары соғыс жылдарындағы "Катюша" және басқа да әндерді шырқады.
Шерушілер қала көшелерімен жүріп өтті. Алматыдағы 28 гвардияшы-панфиловшылар саябағында қала тұрғындары Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойды.
Биыл Алматыда "Мәңгілік полк" шеруі "Батырларға тағзым" деген жаңа атаумен өтетіні бұған дейін хабарланған болатын. Оның форматы өзгермейді: қалалықтар Мәдениет және демалыс саябағынан (бұрынғы М.Горький) 28 гвардияшы-панфиловшылар саябағындағы Мәңгілік алауға дейін қала көшелерімен Ұлы Отан соғысына қатысқан туыстарының фотосуреттерін ұстап жүріп өтеді.