Білім

Түлектер тарихтан емтиханды ауызша тапсырады

Биыл республика бойынша мектепті 155 мыңнан астам түлек бітіреді
Sputnik
АЛМАТЫ, 4 мамыр — Sputnik. Биыл мектеп түлектері Қазақстан тарихы бойынша ауызша емтихан тапсырады. Қалған емтихандар жазбаша форматта өтеді. Бұл туралы Білім және ғылым министрлігінің аппараттық кеңесінде мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрағасы Гүлмира Кәрімова хабарлады.
Биыл мектепті 155 мыңнан астам түлек бітіреді, 9-сыныпта 267 мыңнан астам оқушы оқиды. 9-сыныпқа арналған қорытынды емтихандар 28 мамыр мен 6 маусым аралығында өтеді. Олар төрт пән бойынша сынақтан өтеді.
11-сынып оқушылары үшін емтихандар 27 мамырда басталып, 10 маусымға дейін жалғасады. 11-сынып түлектері бес емтихан тапсыруы керек. Биыл Қазақстан тарихы бойынша емтихан ауызша өтеді. Әр билетте үш сұрақ беріледі. Ең жоғары ұпай – 30.
Спикердің айтуынша, соңғы қоңырау биыл 25 мамырда, аттестатты салтанатты тапсыру – 16-17 маусымда өтеді. Рәсім мектеп қабырғасында өтеді.
Гүлмира Кәрімова мектеп бітіру салтанатына аниматорларды, мерекелік агенттіктерді тартуға жол берілмейтінін айтты. Сондай-ақ мерекелік үстел ұйымдастыруға, жалға берілетін автомобильмен экскурсия жасауға тыйым салынғанын атап өтті. Әкімшілік пен мұғалімдерге сыйлық үшін ақша жинауға, мейрамхана мен дәмханаларда кеш ұйымдастыруға да тыйым салынады.
"Мектепке кітап сыйла", "Мектепке сый", ағаш отырғызу, тұрмысы төмен отбасылар мен балаларға көмек көрсету сынды түлектердің қайырымдылық бастамалары қолдау табады", - деп түсіндірді Гүлмира Кәрімова.
Биыл 26 мамырдан 17 маусымға дейін бүкіл ел бойынша жазғы мектептер жұмыс істейді. Мұндай мектептердің мақсаты - 1-8 сынып оқушыларының, сондай-ақ оныншы сынып оқушыларының біліміндегі олқылықтарды жою. Жазғы мектепке бару-ерікті іс, таңдау құқығы ата-анаға беріледі. Жазғы мектептерде үй тапсырмасы болмайды. Оқу процесін жүзеге асыру үшін волонтер-студенттер тартылуы мүмкін.
NIS түлегі Гонконг университетіндегі үздік студенттердің қатарына енді