НҰР-СҰЛТАН, 28 сәуір – Sputnik. Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов қазақстандықтарға "Халықтың табысын арттыру" бағдарламасын таныстырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Вице-премьер бұл халықтық бағдарлама екенін атап өтті.
"Біріншіден, бағдарлама 1 миллионнан аса бюджет саласы қызметкерінің, сонымен қатар квазимемлекеттік сектордың өндірістік персоналының жалақысын арттыруға бағытталған. Оның ішінде 850 мың бюджет, 200 мың өндірістік саладағы азаматтар бар", - деді Тоғжанов орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, келесі аптада "Самұрық-Қазына" қорында квазимемлекеттік секторға қатысты жиын өтеді. Кездесу барысында жалақыны көтеру мәселелері талқыланады.
"Сондай-ақ 2,8 миллион қызметкердің жалақысын бизнес пен мемлекет арасындағы қарым-қатынасқа тікелей қатысы бар жобалар арқылы көбейтеміз. Әсіресе, мемлекеттің тікелей қолдауын алатын бизнес саласына 2,8 миллион азаматтың жалақысын көтеруге қарсы талап қойылады", - деді премьер-министрдің орынбасары.
Тоғжанов бағдарлама аясында экономиканың түрлі саласында 2025 жылға дейін 2 миллионнан астам жұмыс орны ашылатынын айтты. Атап айтқанда, өндіріс саласында – 950 мың, инфрақұрылым саласында – 583 мың, ауыл шаруашылығында – 458 мың, туристік салада – 59 мың жұмыс орны құрылады. Мұның бәрі табысқа тікелей әсер ететін жобалар, деді үкімет басшысының орынбасары.