Өңірлер

Атырауда жасөспірім мектеп әжетханасында аяусыз соққыға жығылды

Мектепте жәбірленушіге көмек көрсете алмады, өйткені жарақаты ауыр еді
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 27 сәуір - Sputnik. Атырауда №36 мектептің 11-сынып оқушылары мектеп әжетханасында 10-сынып оқушысын соққыға жыққан, деп хабарлады Ақжайық.
Салдарынан жасөспірім есінен танып қалған. Мектепте жәбірленушіге көмек көрсете алмады, өйткені жарақаты ауыр еді, кәсіби дәрігерлердің көмегі қажет болды.
"Жәбірленуші 25 сәуірде сағат 17:00 шамасында облыстық балалар ауруханасының қабылдау бөліміне түсті. Ол лор бөлімшесіне жатқызылды. Науқасқа шұғыл хирургиялық көмек қажет емес болды", - дейді облыстық балалар ауруханасының директоры Нұрқабыл Айтмұхамбетов.
Алайда жасөспірімге жақ-бет хирургиясы маманының көмегі қажет еді. Атырау облыстық балалар ауруханасында мұндай маман жоқ болғандықтан науқасты Батыс Қазақстан облыстық ауруханасының мамандарына жіберу ұйғарылды. Оның диагнозымен пациентті 7-10 күн ішінде жоспарлы түрде операцияға қабылдауға тиіс еді.
"Алайда ата-анасы ұлын қолхат жазып, ұшақпен Оралға алып кетті. Облыстық балалар ауруханасы қазіргі таңда жақ-бет хирургиясы маманын даярлап жатыр, ол биылдан бастап жұмысқа кірісуге тиіс", – дейді аурухананың бас директоры.
Атырау облыстық полиция департаменті бұл факті бойынша Қылмыстық кодексінің 107-бабымен ("Денсаулыққа қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтіру") сотқа дейінгі тергеу жүріп жатқанын хабарлады.
Оны соққыға жыққан 11-сынып оқушысы екені анықталды. Барлық куәгерлерден жауап алынып жатыр.