Саясат

Тоқаев "Атамекен" қызметін өзгертуге қатысты шешімді қолдады

Мемлекет басшысы палатаны одан әрі дамыту стратегиясымен танысты
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 27 сәуір – Sputnik. Президент "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы президиумының төрағасы Райымбек Баталовты қабылдады, деп хабарлайды Ақорда.
Тоқаевқа ұлттық палатаны трансформациялау жолдары таныстырылды. Райымбек Баталов биыл ақпан айында өткен Кәсіпкерлер палатасының кезектен тыс съезінде микро және шағын бизнесті қолдауға мән бере отырып, мекеменің қызметін трансформациялау туралы шешім қабылданғанын айтты.
"Атамекен" басшысы Алматыда шағын және орта бизнесті дамыту бағдарламасының жүзеге асырылуы жөнінде мәлімет берді. Мемлекет басшысына салалық сараптаманың сапасы мен жауапкершілігін арттыру үшін бизнесті жұмылдыру жөніндегі палатаның жоспары таныстырылды", - делінген ақпаратта.
Палата мемлекеттік органдардың бағдарламалық құжаттары мен бұйрықтарына қатысты жобаларды бизнеспен бірге талқылап, апробациядан өткізуге ниетті. Бұл мемлекет пен бизнестің өзара конструктивті ықпалдастығын нығайтуға мүмкіндік береді.
Кездесу барысында бизнеске жасалатын заңнамалық деңгейдегі қысымды азайтуға, сот пен прокуратура органдарының бизнесті қорғау жөніндегі тиімділігін арттыруға ерекше назар аударылған.
Президент палатаның бизнес пен билік арасындағы ықпалдастықтың алтын көпірі болуға тиіс екенін ерекше атап өтіп, "Атамекеннің" қызметін жүйелі түрде өзгерту қажеттігін қолдады.
Ол рансформация кезінде президиум төрағасы мен палата басқармасының позицияларын қосу қажет екенін мақұлдады. Бұл бизнес-ортаны бюрократиядан арылту жөнінде қабылданып жатқан шараларды және жүктелген міндеттерді жылдам әрі тиімді шешу үшін қажет.
Мемлекет басшысы кәсіпкерлікті дамытуға және бизнес-қоғамдастық құқығын қорғауға ықпал ететін институт ретінде ҰКП-ны реформалау жұмысын жандандыруды тапсырды.