Елордадағы 200-ден астам қоғамдық орын абаттандырылады

Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 27 сәуір – Sputnik. Биыл Нұр-Сұлтандағы 200-ден астам аумақты абаттандыру жоспарланып отыр, деп жазды қала әкімі Алтай Көлгінов әлеуметтік желіде.
"Биыл жаңадан абаттандырылған аулалар мен қоғамдық кеңістіктердің (саябақтар, гүлзарлар, желекжолдар) санын айтарлықтай арттырамыз. Тағы 200-ден астам аумақты абаттандыруды жоспарлап отырмыз, олар жұртшылық үшін міндетті түрде тартымды орындардың біріне айналады", - деп жазды әкім.
Көлігнов қаланы жаяу аралау кезінде бірнеше қоғамдық кеңістікке барды: оның ішінде "Demalys Promenade" (Ә.Мәмбетов көшесі бойында), "Театральный" жаяу жүргіншілерге арналған желекжолы, арбат (қалалық саябақ) бар.
"Осылайша, "Demalys Promenade" пен "Театральный" желекжолын абаттандыру – қаланың тарихи бөлігінде тұрғындардың бос уақытын жайлы өткізуі үшін шағын аудан ашуға, сол сияқты жаяу жүру белсенділігін арттыруға және осы бағытты ары қарай жағалаумен байланыстыруға мүмкіндік берді", - деді әкім.

Желтоқсан – Сейфуллин, Бейбітшілік және Омаров көшелерінде, №1 емхананың жанында тағы бір қоғамдық кеңістік ашу жоспарланып отыр.
Сол сияқты қараусыз қалған "Жерұйық-2" саябағы (Б.Момышұлы мен Төлебаев көшелерінің қиылысы) абаттандырылады.