Судья Дужновты не себепті өмір бойына соттағанын түсіндірді

Sputnik
АЛМАТЫ, 26 сәуір – Sputnik. Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Еркін Майшинов 2021 жылдың қыркүйегінде бес адамды атып өлтірген Игорь Дужновқа не себепті өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалғанын түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Судья Дужновтың әрекеті аса ауыр қылмыс санатына жататынын айтты. Ол бес адамды өлтірген және тағы үш адамды өлтіруге тырысқан. Салдарынан бес отбасы асыраушысыз, олардың балалары әкесіз қалды.
"Дужнов істеген ісіне өкінбеді, жәбірленушілермен татуласу үшін ешқандай шара қолданбады. Сотта жәбірленуші тараптан кешірім сұрамады, яғни өзі үшін тиісті қорытынды жасамады. Бұл оның қылмысқа бейім екенін және түзелу жолына түскісі келмейтінін көрсетеді", - деді судья.
Осының бәрі Дужновтың қоғам үшін қауіпті екенін көрсетеді, сондықтан оны өмір бойына бас бостандығынан айыру қажет екені айтылды.
Сондай-ақ Дужновтың адамдарды атып, осылайша банктегі олигархиямен және оның серіктестерімен күрескені туралы айтқанына еш дәлел жоқ. Себебі қайтыс болғандардың банкке еш қатысы болмаған.
Сот орындаушысы Әбенов 2018 жылы өткен электронды сауда-саттықты іске асыру процесіне қатыспағаны және атқарушылық іс жүргізуді тек 2021 жылы бастағаны анықталды.
Жәбірленуші Тұрғынов – үйдің жаңа иесі, "Қазақфильм" киностудиясында қарапайым жүргізуші болып жұмыс істеді және 2018 жылы үйді заңда белгіленген тәртіппен аукционда 15 миллион теңгеге сатып алған.
Полиция қызметкерлері Сүлеев, Байғазиев, Оразалинов, Сабыров сот орындаушысының сұрауын орындау үшін үйден шығаруға қатысты және жергілікті жерде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп, өздерінің қызметтік борышын орындады.
"Жәбірленушілер аулаға кіріп, заңды түрде үйден шығаруға қатысқан. Дужнов және оның отбасы мүшелеріне шабуыл жасамаған. Дужновтың қолындағы қаруды көрген соң ауладан шығып кетуге мүмкіндік беруін сұраған. Соған қарамастан Дужнов оларды аяусыз атып тастады, сол себепті сотталушының өзін қорғадым деген ұстанымы қолдау таппады", - деді Майшинов.
Судья Дужновтың шетелдегі қарулы қақтығысқа қатысқаны туралы да айтты.
"Сот Дужнов Қазақстан Республикасының азаматы бола тұра, елдің Қарулы күштеріне ешқандай қатысы болмаса да, Қазақстаннан ешқандай мамандандырылған өкілеті болмай, шекараны заңсыз кесіп өтті және шет мемлекеттің аумағындағы қарулы қақтығысқа заңсыз қатысты деп есептейді. Осылайша Қазақстанның қарулы қақтығысқа араласу қаупін тудырады", - деді Еркін Майшинов.
Дужновтың шет мемлекет аумағындағы қарулы қақтығысқа саналы түрде қатысқаны айтылды.
Айта кетері, 2022 жылдың 26 сәуірінде Игорь Дужновқа қатысты сот үкімі шықты. Ол өмір бойына бас бостандығынан айырылды.
2021 жылдың 20 қыркүйегі кешке Алматы тұрғыны Игорь Дужнов отбасын үйден шығаруға келген адамдарға оқ атты. Бес адам қайтыс болды: екі полицей, бір сот орындаушысы, үйдің жаңа иесі мен оның өкілі.
Күдіктінің отбасына тиесілі тұрғын үй оның алдында банкке қарыз бойынша үшінші тарапқа сатылған. Үйдің бұрынғы иесі сот шешімімен келіспей, үйді босатқысы келмеген.
Алматыда 5 адамды өлтірген Игорь Дужнов өмір бойына бас бостандығынан айырылды