НҰР-СҰЛТАН, 26 сәуір – Sputnik. Елордалық полицейлер елорда аумағында аса ірі көлемде есірткі сататын арнаны жойды.
Бұрын сотталған 39 жастағы елорда тұрғыны ұсталды, деп хабарлады полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Нұр-Сұлтан полицейлері "Мирный" гараж кооперативінде іздеуші иттердің көмегімен тінту жұмыстарын жүргізу барысында "гашиш" есірткісі салынған полиэтилен қапты тәркіледі. Сатуға дайындалған заттың салмағы 25 килограмм тартты.
Нұр-Сұлтан полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының бастығы Ерлан Акбаровтың айтуынша, тәркіленген есірткінің көлемі бір реттік 5000 дозаға жетеді, оның қара нарықтағы құны – 30 миллион теңге.
Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 297-бабының үшінші бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.
Күдікті кінәсін мойындады.
Елордада есірткі жеткізу және сатуға қатысы болуы мүмкін басқа да тұлғалар анықталып жатыр.