НҰР-СҰЛТАН, 25 сәуір – Sputnik. Нұр-Сұлтанда достарымен әзілдеспек болған 19 жастағы қыз 91 мың теңге айыппұл арқалады.
Қалалық полиция департаменті баспасөз қызметінің ақпаратынша, түнгі бір жарымда "102" арнасына Е-565 көшесінде "Индрайвер" арқылы жолаушы таситын "Toyota Camry" автокөлігінің жүргізушісі қызды белгісіз бағытта алып кеткені туралы ақпарат түсті.
"Жас қыз WhatsApp мессенджеріндегі топқа өзін ұрлап әкетіп бара жатқанын айтып, достарынан көмек сұраған. Алайда тексеріс барысында мұндай факті расталған жоқ", - делінген хабарламада.
Анықталғандай, 19 жастағы бойжеткен чаттағы достарымен осылай әзілдеспек болған.
Бұл факті бойынша елорда тұрғыны Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 438-бабы "Арнайы қызметтерді көрінеу жалған шақыру" бойынша әкімшілік жауапқа тартылды. Оған 30 АЕК немесе 91 890 теңге айыппұл салынды.
Сонымен қатар, полицейлер қызбен профилактикалық әңгіме жүргізді.