Қоғам

Тоқаев 18 жастағы сарбаздың қазасына қатысты жан-жақты тексеру жүргізуді тапсырды

Әлібектің туыстары министрліктің мәлімдемесіне сенбей отыр
Sputnik
АЛМАТЫ, 25 сәуір – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әскери қалашықта қайтыс болған сарбаз Әлібек Қалбайдың туыстарына көңіл айтты, деп хабарлады Ақорда.
Маңғыстаулық сарбаз Жамбыл облысындағы Гвардейск әскери қалашығында көз жұмған болатын.
"Президенттің пікірінше, бейбіт күнде әскердегі сарбаз қаза болмауға тиіс. Ата-ана баласын әскерге жібергенде оның қауіпсіздігі үшін алаңдамауы керек. Бұл – мемлекетіміздің мойнына алған міндеті", - делінген ақпаратта.
Президент осы оқиғаға қатысты Бас прокуратура мен қорғаныс министрлігіне және құзырлы органдарға жан-жақты тексеру жүргізуді және шынайы себебін анықтауды тапсырды.
Айта кетері, 23 сәуірде Жамбыл облысындағы 30212 әскери бөлімде мерзімді әскери қызметке шақырылған Әлібек Қалбай қайтыс болғаны белгілі болды. 18 жастағы сарбаз Маңғыстаудан шақырылып, бес күн бұрын Қордайдағы әскери бөлімге барған.
"Таңертең сапқа тұру кезінде сарбаз есінен танып қалды. Оған медициналық көмек көрсетілді. Алайда ол есін жимастан қайтыс болды", - делінген ресми хабарламада.
Әлібектің туыстары министрліктің мәлімдемесіне сенбей отыр. Олар жас жігітті соққыға жықты деп санайды. Әлібектің өзі әскерге барғысы келмеген. 13 сәуірде әскерге шақырып, медициналық тексерістен өткізген. Сөйтіп, 18 сәуірде әскери борышын өтеуге жіберген.
Оқиға
"Әскерде 4 күннен соң қайтыс болды": сарбаздың қазасына қатысты тың мәлімет шықты