Қоғам

Заманбек Нұрқаділовтің өліміне қатысты іс қайта қаралмайтын болды

Ресми қорытындыға сәйкес, Нұрқаділов өз-өзіне қол салған
Sputnik
АЛМАТЫ, 25 сәуір – Sputnik. Бас прокуратура қоғам қайраткері Заманбек Нұрқаділовтің өліміне қатысты істі қайта қараудан бас тартты. Бұл туралы Заманбек Нұрқаділовтің ұлы Қайрат Нұрқаділов Nege.kz порталына мәлімдеді.
Айта кетері, бұған дейін Қайрат Нұрқаділов Бас прокуратураға арыз жазып, әкесінің қазасына қатысты істі қайта қарауды сұраған. Бас прокуратура жауабында кісі өліміне суицид себеп болғандықтан, тергеу органдарының шешімін өзгертуге негіз жоқ екені айтылған.
"Сот сараптамасы мен басқа да дәлелдер суицид жасағаны туралы қорытындыға сай келеді. Психолого-психиатриялық кешенді сот сараптамасы (918, 12.01.2006, өлген соң) да соны көрсетеді. Құжатқа сай, сол кезеңде З. Нұрқаділовтің невротикалық депрессияда болғаны суицидке апарған себептердің бірі болуы мүмкін. Сондай-ақ әкеңізді өзіне қол жұмсауға жеткізгенін анықтау мүмкін емес, себебі қылмыс құрамы болмағандықтан, іс 2006 жылдың 16 қарашасында жабылған", - делінген Қайрат Нұрқаділовке берілген Бас прокуратура жауабында.
Қайрат Нұрқаділовтің айтуынша, мамандар істі архивтен алып, 7 томды қараған. Алайда алған жауабына көңілі толмай отыр.
Ол мамандардың не себепті істі қайта қарағысы келмейтіні өзі үшін жұмбақ екенін айтып, журналистер арқылы қоғамнан көмек сұрайтынын жеткізді.

Заманбек Нұрқаділовтың өлімі

Қоғам қайраткері Заманбек Нұрқаділов 2015 жылы 12 қараша күні қаза тапты. Оның денесінде үш оқтың ізі болды. Екеуі кеудесінде, біреуі басына тиген.
Ресми қорытындыға сәйкес, Нұрқаділов өз-өзіне қол салған. Танымал әнші Мақпал Жүнісова Нұрқаділовтің жұбайы болған.