НҰР-СҰЛТАН, 24 сәуір – Sputnik. Маңғыстаудан әскерге шақырылған 18 жастағы Әлібек Қалбайдың өліміне қатысты тың мәліметтер жарияланды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Caravan.kz порталына сілтеме жасап.
Қайғылы оқиға Гвардейск гарнизонында болған. Әскери полиция бөлімнің бастығы Серік Мұқановтың айтуынша, 22 сәуірде Қылмыстық кодекстің 440-бабы ("Әскери қызметшiлер арасында бағыныштылық қатынастар болмаған кезде олардың арасындағы өзара қарым-қатынастың жарғылық қағидаларын бұзу, адам өліміне әкеп соққан әрекеттер") бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары басталды. Шұғыл тергеу тобы оқиғаны жан-жақты зерделеп жатыр. Қажетті сараптамалар жасалды. Тергеушілер нәтижесін күтіп отыр.
"Сапта тұрған сарбаз кенеттен өзін жайсыз сезінген дейді. Содан құлап, желкесін қатты соғып алды. Оны шұғыл Гвардейск гарнизонының әскери госпиталіне жеткізген. Сол жерде бір жарым сағат бойы реанимациялық шаралар атқарылды. Өкініштісі, еш нәтиже шықпады", - дейді Мұқанов.
Дәрігерлер сағат 10:35-те сарбаздың өлімін тіркеген. Алдын ала диагнозы - жүрек қызметінің жетіспеушілігі. Осы уақытқа дейін оқу жиындарының бастығы Әлімов, оның орынбасары Жұмашев пен мектеп сержанты Сейіткерімовтен жауап алынды.
"Тергеу кезінде барлық мән-жайды айтуға болмайды. Ең бастысы, ешкім еш нәрсе жасырайын деп отырған жоқ. Біз де оған жол бермейміз. Қорғаныс министрлігінің басшылығы да нақты тапсырма берді. Әскерилер арасындағы өзара қарым-қатынастың жарғылық қағидаларын бұзудың алдын алуымыз керек. Ал бірдеңе болса, жан-жақты зерделеп, шара қабылдауымыз қажет. Қазір соны істеп жатырмыз", - деп атап көрсетті Мұқанов.
Айта кетері, Жамбыл облысындағы 30212 әскери бөлімде мерзімді әскери қызметке шақырылған Әлібек Қалбай төрт күннен кейін қайтыс болған. 18 жастағы сарбаз Маңғыстаудан шақырылған болатын. Әлібектің туыстары министрліктің мәлімдемесіне сенбей отыр.
"Оны бастан бірнеше рет ұрған. Іздері қалды. Әскерде балаларымыздың өлімі тыйылмай жатыр, оларды ұрады. Бүкіл Қазақстан осыны білуі керек. Әлібек әскерге барғысы келмеген. Бірақ оны жұмысқа дейін іздеп барып, ірі көлемде айыппұл саламыз деп қорқытқан..." – деді марқұмның туысы Динара Тілесова.
Әлібек Қалбай – Сайын Шапағат ауылының тумасы. Болашақ колледжін бітірген. Мамандығы – техник-электротехник.