НҰР-СҰЛТАН, 23 сәуір – Sputnik. Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов Шымкентте жол жүру ережесін жиі бұзатын жүргізушілерді анықтайтын жүйені тексерді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан министрліктің ведомстволық сайтына сілтеме жасап.
Республика бойынша жол қозғалысы ережесін бұзудың әрбір үшінші фактісі Шымкент жолдарында анықталады. Үш айдың ішінде жол апатынан 9 адам қаза болды. Бұл басқа өңірлермен салыстырғанда ең жоғары көрсеткіш болып отыр. Сол себепті жол қозғалысы ережесін қасақана бұзатын көлік жүргізушілерін анықтауға арналған "Қорғау" бағдарламасы алдымен осы қалада іске қосылды.
Ресми мәліметке сәйкес, бір тәулік ішінде патрульдік полиция полкінің қызметкерлері бағдарламаның көмегімен жол ережесін бұзған 70-тен астам автокөлікті тіркеді. Олардың ішінде жалған нөмірмен жүрген 18 көлік бар.
"Қорғау" бағдарламасы жергілікті бюджетті толықтыруға емес, керісінше жолда жазықсыз жандардың қаза болуына жол бермеуге, жол апатының алдын алуға бағытталған", – дейді Ахметжанов.
Бағдарлама 10 минут ішінде екі рет жол ережесін бұзған немесе көлігіне жалған нөмір таққан, сондай-ақ айыппұлды төлемеген, сақтандыру, техникалық байқаудан өтпеген немесе іздеуде жүрген көліктерді анықтауға мүмкіндік береді.
Министр Ахметжанов жедел басқару орталығына барғанда "Қорғау" жүйесін нақты уақыт режимінде тексеріп көрді. Бағдарлама Қонаев даңғылымен келе жатқан Hyundai автокөлігін анықтады. Көлік жүргізушісіне бұған дейін 27 рет айыппұл салынған. Бірақ ол жарты миллион теңгені төлемей жүрген.
Жедел басқару орталығының қызметкері бұл ақпаратты бірден патрульдік полиция инспекторына жіберді. Тәртіп бұзушы Қонаев даңғылы мен Желтоқсан көшесінің қиылысында тоқтатылды. Сол жерде хаттама рәсімделіп, көлік айып тұрағына қойылды. Енді барлық материал әкімшілік полицияға жолданады.
Айта кетері, бұған дейін ішкі істер министрі Шымкент жолдарындағы жағдайды сынға алды. Оның айтуынша, қалада "шумахерлер" көп, жол қозғалысы ережесін елемейді. Мәселен, жергілікті жүргізушілердің біреуі жарты жыл ішінде жылдамдық режимін 178 рет бұзған, айыппұл сомасы 4,5 миллион теңгені құрады. Жалпы жол ережесін бұзған шымкенттіктерге 2,2 миллиард теңге айыппұл салынған.