НҰР-СҰЛТАН, 22 сәуір – Sputnik. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев Boeing компаниясының вице-президенті Монте Фрейзермен кездесу өткізді.
Тараптар Boeing 737 MAX және 787 Dreamliner әуе кемелерін Air Astana және SCAT әуе компанияларына жеткізу мәселелерін талқылады.
Ластаев пен Фрейзер Қазақстан мен АҚШ арасындағы тікелей әуе қатынасын ашуға, сондай-ақ Қазақстанда Boeing компаниясының жаттығу және техникалық орталықтарын орналастыру мүмкіндігін сөз етті.
Кездесуге қатысушылар Boeing компаниясының АҚШ Федералдық азаматтық авиация басқармасының (FAA) ұшу қауіпсіздігін халықаралық бағалауынан (IASA) жедел өту үшін Қазақстанның Авиациялық әкімшілігіне өтеусіз техникалық көмек беруге уағдаласты.
Бұған қоса, екі ел арасындағы тікелей рейсті іске қосу үшін CAT1 мәртебесін алу жайы келісілді.
Әлемдік тәжірибеге сәйкес, арнайы консалтингтік компаниялардың мұндай техникалық көмегінің орташа құны шамамен 2-2, 5 миллион доллар. Қол жеткізілген уағдаластықтар шеңберінде биыл мамырдың үшінші онкүндігінде Boeing мамандары Нұр-Сұлтанға келеді.
Кездесуге қатысушылар Қазақстанда Азаматтық авиация саласындағы жас таланттарға арналған Boeing компаниясының арнайы оқыту бағдарламасын ұйымдастыру туралы шешім қабылдады.