НҰР-СҰЛТАН, 22 сәуір – Sputnik. Қазақстандық спортшы Жәмила Бақбергенова әйелдер күресінен Азия чемпионы атанды.
Моңғолияның Ұлан-Батыр қаласында 72 келі салмақта сынған түскен отандасымыз қарсылас шақ келтірмеді.
"Дөңгелек айналым" жүйесі бойынша өткен бәсекеде қазақстандық қарсыластарының бәрін жеңді. Атап айтқанда, ол Даваанасан Енхамар (Моңғолия), Светлана Окназарова (Өзбекстан), Никки Никки (Үндістан) мен Сумире Ниикура (Жапония) сынды мықты балуандардың жауырынын жерге тигізді, деп хабарлайды Olympic.kz.
Осылайша ол әйелдер күресінен Қазақстан құрамасының қоржынына екінші алтын медальды салды. Жарыстың алғашқы күнінде оның сыңары Мадина Бақбергенова 68 келі салмақта топ жарған болатын.
Айта кетері, бұл Жәмила Бақбергенованың Азия чемпионатындағы екінші алтыны. Бұған дейін ол 2020 жылы Нью-Делиде өткен Азия чемпионатында үздік атанған.
Күрес түрлерінен Азия чемпионаты Моңғолия астанасы Ұлан-Батырда өтіп жатыр. Әйелдер күресінен кездесулер дөңгелек айналым жүйесі бойынша өтуде. Спортшылар өз салмақ дәрежесінде барлық балуанмен әр айналымда белдесіп, жеңімпазды анықтайды.