НҰР-СҰЛТАН, 22 сәуір – Sputnik. Алматы қаласының прокуратурасы мәслихат депутаты Қайрат Құдайбергеннің не үшін ұсталғанын хабарлады.
21 сәуірде Бас прокуратураның арнайы прокурорларының басшылығымен ведомствоаралық жедел-тергеу тобы жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастырды және оған қатысты деген күдікпен 38 жастағы Қайрат Құдайбергенді ұстады.
"Алдын ала тергеу анықтағандай, Қ. Құдайберген А. Жұмагелдиевпен ("Дикий Арман") бірге "Қазақстан" қонақ үйіне адамдарды жинап, оларды Жұмагелдиевтің айналасына топтасуға, оны қолдауға және билікке бірдей талаптар қоюға шақырған. Сондай-ақ адамдарды 10 адамнан "ұяшықтарға" бөліп, ерекшеленіп тұру үшін қолдарына ақ таңғыш байлауға нұсқау берген", - деп мәлімдеді қалалық прокуратура.
Осыдан кейін Құдайберген мен Жұмагелдиев жинаған топ алаңға шығып, митингке шыққандарды Жұмагелдиев төңірегіне топтастыруға, алаңда жедел штаб ұйымдастырып, билікке талаптар қоюға тырысқан.
"Құдайберген-Жұмагелдиев ұйымдастырған заңға қарсы акция зорлық-зомбылық пен түрлі ауырлықтағы дене жарақатын келтірген жаппай төбелеске ұласты", - деді ведомстводағылар.
Қайрат Құдайбергеннің жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырып, оған қатысқанын "Қазақстан" қонақ үйінен, Жұмагелдиев тобының ұсталған қатысушыларынан тәркіленген ұялы телефондардағы бейнежазбалар, куәгерлердің айғақтары растайды.
Прокутура қазір Қайрат Құдайберген Алматы қаласы полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторында отырғанын атап өтті.
Бұған дейін Алматы мәслихатының депутаты, бизнесмен Қайрат Құдайбергеннің Алматыда ұсталғаны хабарланды.