Қоғам

eGov.kz порталы арқылы электронды цифрлық қолтаңбаны алу жеңілдей түсті

Жаңа қызмет жеке және заңды тұлғалар үшін қолжетімді
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 22 сәуір – Sputnik. Ертең, 23 сәуірден бастап қазақстандықтар eGov.kz порталында электронды цифрлық қолтаңбаны (ЭЦҚ) смартфонның камерасы арқылы ала алады.
"Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ қоғаммен байланыс басқармасының ақпаратынша, ЭЦҚ-ны қашықтан алу процесі одан да қолжетімді әрі ыңғайлы бола түсті.
Бейнетексеріс сервисі – Digital ID пайдаланушыларға компьютерде камера болмаған жағдайда немесе ол істен шыққан кезде ұялы телефонды пайдаланып, QR-код көмегімен ЭЦҚ-ны қашықтан алу үшін сәйкестендіру рәсімінен өтуге мүмкіндік береді. Жаңа қызмет жеке және заңды тұлғалар үшін қолжетімді.
"ЭЦҚ алу – eGov.kz порталындағы өте танымал сервис, тек осы жылдың өзінде оны 4,8 млн рет алған. Азаматтар көбінесе компьютерде камера жоқ немесе жұмыс істемейді деп айтып жатады. Сол себепті бұл өзгерістер ЭЦҚ-ны қашықтан алу процесін жеңілдетеді және ыңғайлы етеді",- деді "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ басқарма төрағасы Ростислав Коняшкин.
Ол үшін телефон камерасын компьютер экранында көрсетілген QR-кодқа бағыттап, бейнетексерістен өту керек. Сәйкестендіру сәтті расталғаннан кейін, компьютерде ЭЦҚ алудың үйреншікті тәсілін жалғастыру қажет.
Бұл ретте "ҰАҚ" АҚ азаматтарға QR-код арқылы бейнетексерістен өз ұялы телефонынан өтуге кеңес берді.