Білім

Philips компаниясы қазақстандық ғалымның технологиясын қолданады

Шетелдік компания отандық ғалым ойлап тапқан қазақ тіліндегі сөздерді тануға арналған технологияға қызығушылық танытты
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 21 сәуір — Sputnik. Нидерландыдағы танымал Philips компаниясы қазақстандық ғалым Өркен Мамырбаевқа серіктестік ұсынды.
Білім және ғылым министрлігі ғылым комитетінің ақпараттық және есептеуіш технологиялар институтының ғылыми қызметкері Өркен Мамырбаев қазақ тілінде айтылған сөзді тануға арналған жүйе ойлап тапты.
"Kazak ASR интеллектуалды жүйесі Telegram мессенджерінде чат-бот ретінде жұмыс істеп тұр. Жүйе дауыс сигналдарын анықтап, оларды бір-бірімен байланысты мәтінге айналдырады", - деп хабарлады Қазақстан білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі.
Қазіргі уақытта қазақ тілінде айтылған сөзді тану технологиясын Philips компаниясының өніміне енгізуге дайындық жүріп жатыр.
Қазақстан нарығына арналған коллаборация аясында айтылған сөзді автоматты түрде мәтінге айналдыратын Philips-тің дыбыс тану мүмкіндігі бар Smart Mike Duo микрофоны ұсынылады.
"Мұндай микрофон ақпаратты мәтін түрінде сақтау қажеттілі туындайтын түрлі жиындарда хаттамалар үшін керек болады", - деді Өркен Мамырбаев.