НҰР-СҰЛТАН, 20 сәуір – Sputnik. Парламент мәжілісі Ұлттық қордан 2022 – 2024 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы заңға өзгеріс енгізу туралы заң жобасын мақұлдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Тимур Жақсылықовтың айтуынша, Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт мөлшерін 4 триллион теңгеге дейін ұлғайту қарастырылып отыр.
"Қаражат президент тапсырмаларын іске асыру үшін қосымша қаржыландыру аясында республикалық бюджеттің теңгерімділігін қамтамасыз етуге бағытталады", - деді ол мәжіліс отырысында.
Ол Ұлттық қордың нысаналы көрсеткіштері фискалдық шектеулер шегінде сақталатынын атап өтті. Бұған дейін ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Ұлттық қор таусылып қалмайды деп сендірген еді.
Оның айтуынша, Ұлттық қордан қаражат алу қалыпты процесс. Бұл контрциклды бюджеттік саясаттың бір бөлігі. Ұлттық қорда қазір шамамен 56 миллиард доллар бар.