АЛМАТЫ, 20 cәуір – Sputnik. Қазақстандық Алмат Жұманов салмағы 24 жарым тонна әскери ұшақты орнынан қозғап, Қазақстанның рекордтар кітабына енді, деп хабарлады Almaty.tv.
Ол әскери ұшақты орнынан қозғап, 1 метрге дейін жылжытты. Алматылық спортшының бұл көрсеткіші Қазақстан рекордтар кітабына еніп, елімізде ұшақ сүйреген алғашқы адам болды.
Алмат Жұманов ұшақты 6 метрге дейін жылжытамын деп жоспарлаған. Алайда бұған дейін алған жарақаты сыр берген.
Қазақстан рекордтар кітабының өкілдері бұл нәтижені ресми түрде тіркеп, есепке алды.
"Мақсатым – қазақ халқында осындай мықты жігіттер бар екенін шетелдіктерге көрсетіп, еліміздің атын шығару. Олар бізді көріп, еліктесін. Интернетке кірсең шетелдіктерді көресің. Сол жағынан дамытқым, көрсеткім келеді", - деді Алмат Жұманов.
Қазақстандық осымен үшінші рет елдің рекордтар кітабына еніп отыр. Бұған дейін ол салмағы 108 тонна вагон тартқан. Артынша 4 тонна болатын 3 көлікті беліне тіркеп, 280 келілік түйені 13 метрге дейін сүйреді.
"Наурыз мейрамында осы ұшақты 6 метрге сүйреген екен. Соны қайталаймын деп бізді шақырып еді. Бірақ 6 метрге жетпеді. Қазақстанда алғашқы көрсеткіш болып тіркелді", - деді Қазақстан рекордтар кітабының ресми өкілі Бақытжан Тастүлеков.
Алмат Жұмановтың келесі мақсаты – салмағы 300 тонна вагон сүйреп, әлемдік Гиннестің рекордтар кітабына ену.