НҰР-СҰЛТАН, 19 сәуір – Sputnik. Алматы қаласы Алатау ауданындағы кірпіш зауытының жанынан қара сөмке табылды. Ішінен қару-жарақтың түр-түрі шықты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Polisia.kz порталына сілтеме жасап.
Қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары Берік Әбілбековтың айтуынша, сол жерде қаңтардағы жаппай тәртіпсіздіктер кезінде жоғалған оқ өтпейтін кеудеше мен темір қалқан табылған.
"Оқ-дәрілер мен қару-жарақ үлкен спорттық сөмкеге ұқыпты салынған. Сөмкеде граната, 4 тапанша, мылтық, 2 кесілген шолақ мылтық, әртүрлі калибрлі 287 патрон жасырылған. Сонымен қатар қаңтардағы жаппай тәртіпсіздік кезінде қылмыстық жолмен алынған оқ өтпейтін кеудеше мен темір қалқан табылды", - дейді Әбілбеков.
Қазіргі кезде Қылмыстық кодекстің 287-бабы 2-бөлігі (Қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру) бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары басталды.
Сот-баллистикалық сараптама тағайындалды. Сондай-ақ қаруды жасырған адамды іздестіру шаралары қолға алынды.