НҰР-СҰЛТАН, 18 сәуір — Sputnik. "7-20-25" тұрғын үй бағдарламасының жоспарланған 466 миллиард теңге көлеміндегі қоры бар, деп хабарлады Қазақстанның тұрақтылық қорының баспасөз қызметі.
Ипотекалық бағдарлама 1 триллион теңге шегіне жеткенге дейін қолданыста болады.
18 сәуірдегі мәлімет бойынша, 1 триллион теңгенің 534 миллиард теңгесі берілген.
Еске сала кетсек, "7-20-25" бағдарламасы бойынша кредит тек жаңа тұрғын үйді сатып алуға беріледі. Ең көп ипотекалық займ Нұр-сұлтан қаласында берілді – 14 232, сомасы - 212,3 миллиард теңге. Алматыда 127,5 миллиард теңгеге 8 912 қарыз рәсімделген. Шымкентте – 33 миллиард теңге, 2 843 тұрғын ипотека алған.
Алданып қалмау үшін не істеу керек
Азаматтардың көпшілігі тұрғын үйді құрылыс кезеңінде брондауды жөн көреді. Бірақ кейбір құрылыс компаниялары сатып алушылардың қаражатын тартуға тырысып, "тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы" Заң талабына сәйкес келмейтін түрлі тәсілдерді ұсынуы мүмкін.
"Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы" Заңды айналып өтіп, баспананы брондаудың күмәнді жолын таңдау салдарынан ақша жоғалту қаупі бар. Сондықтан сатып алушыларға сатып алу туралы шешімді мұқият қабылдауға және тұрғын үй кешені мен құрылыс компаниясы туралы ақпаратты тексеруге кеңес беріліп отыр.