АЛМАТЫ, 17 сәуір – Sputnik. Шымкентте кене көбейетін кезең басталды: биыл кене шаққан адамдар саны үш есе артқан, деп хабарлайды санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің баспасөз қызметі.
"Шымкент қаласында 2021 жылы Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының 2 жағдайы тіркелді. 2022 жылдың үш айында мұндай жағдай тіркелген жоқ. Алайда қазір қала бойынша кене шағып, медициналық көмекке жүгінгендер саны 22 адамға жетті. Бұл былтырмен салыстырғанда дәл осы кезеңде үш есе өскен", - деп хабарлайды комитет мамандары.
Айтуынша, 2021 жылы барлығы жеті жағдай тіркелген.
Шымкент Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы бойынша індет көп анықталатын өңір саналады.
Аурудың алдын алу үшін қалада жыл сайын елді мекендердің айналасындағы санитарлық қорғау аймақтарын кенеге қарсы тазарту, сондай-ақ жануарларды, мал қоралары мен буферлік аймақтарды тазалау жүргізіледі. Қалада дезинфекция орталығы мен ветеринарлық қызметтің күшімен көктемгі дезинфекциялық іс-шаралар басталды. Кенеге қарсы шаралар 30 мамырға дейін созылады.
Қала тұрғындарынан іргелес аумақты, мал қорасын механикалық тазалауды, өңдеу жүргізілген жерден қи шығаруды, яғни сапалы дезинфекциялау үшін жағдай жасауды сұрайды.