НҰР-СҰЛТАН, 17 сәуір – Sputnik. Жуырда мұржасы құлаған Петропавл ЖЭО-2 жұмысын қалпына келтіру бойынша жол картасы әзірленді. Бұл туралы энергетика министрі Болат Ақшолақовтың Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында белгілі болды.
Энергетика министрлігі баспасөз қызметінің ақпаратынша, жол картасы бес блокқа бөлінген. Іс-шараларды жүзеге асыруға бөлінетін қаражаттың жалпы сомасы 17,5 млрд теңгені құрайды.
"Бұл жылу орталығының алдағы жылу беру маусымына уақытылы және сапалы дайындығын қамтамасыз етеді", - деп сендірді министрліктегілер.
Министрлік төтенше жағдайдан кейін жылу орталығының техникалық жай-күйін бағалау үшін тәуелсіз сарапшы комиссиясын жіберді.
Жиын қорытындысы бойынша жүргізілген сараптама мен талдау нәтижелерін ескере отырып, энергетика министрі Болат Ақшолақов станция басшылығына бірқатар нақты тапсырма берді.
Петропавл ЖЭО 1961 жылы пайдалануға берілген. Ол Солтүстік Қазақстан облысындағы жалғыз электр және жылу энергиясының көзі. Станцияның бекітілген электр қуаты – 541 МВт, жылу қуаты – 713 Гкал/сағ. Станцияның негізгі жабдығының физикалық тозуы 56,1%-ті құрап отыр.
Еске салсақ, 20 наурызда Петропавлда екінші жылу электр орталығының мұржасы опырылып құлады. Соның салдарынан бірнеше қазандықтың жұмысын тоқтатуға тура келді. Үйінді астынан машинист әйелдің мәйіті табылды.
Төтенше жағдайдан кейін ЖЭО-2 директоры мен бас инженері қамауға алынды. Қылмыстық кодекстің 254-бабы ("Міндеттеріне адал қарамау") бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары басталды.