Қоғам

Тоқаев әскерилердің баспана мәселесін шешетін заңға қол қойды

Sputnik
АЛМАТЫ, 16 сәуір – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әскери қызметшілердің баспана мәселесін шешуге бағытталған заңға қол қойды, деп хабарлайды Ақорда.
Президент "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әскери қызмет және арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлері мен әскери қызметшілердің тұрғын үй қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңға қол қойды.
Заң арнаулы мемлекеттік орган қызметкерінің, әскери қызметшінің және олардың отбасы мүшелерінің әлеуметтік жағдайын жақсартуға, әскери қызмет атқаруды реттеуге бағытталған.
Бірінші. Тұрғын үй төлемдері тәртібін жетілдіру және арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлері мен әскери қызметшілерді, ал олар қаза тапқан жағдайда – олардың отбасы мүшелерін баспанамен қамтамасыз ету.
Атап айтқанда, еңбек сіңірген жылдары 10 және одан да көп жылдан асатын, асырауында мүгедек баласы бар тұлғаларға, сондай-ақ әскери қызметтен немесе арнаулы мемлекеттік органдардағы қызметтен босатылған адам қаза тапқан жағдайда, отбасы мүшелеріне өздері тұратын тұрғын үйді өтеусіз алу құқығы беріледі.
Қоғам
Қорғаныс министрлігі Жеңіс күніне орай әскери парад неге өтпейтінін түсіндірді
Сондай-ақ баспанаға мұқтаж деп танудан бас тарту жағдайлары нақтыланды.
Екінші. Арнаулы мемлекеттік органдарда қызмет өткерудің жекелеген мәселелерін реттеу. Атап айтқанда, арнаулы мемлекеттік органның қызметкері қызметтен тыс уақытта есірткі, психотроптық заттар мен сол тектестерді медициналық емес мақсатта пайдаланса, қоғамдық орынға мас күйде арнайы формада келсе және ақшалай немесе өзге де мүліктік сипаттағы құмар ойындарға қатысқаны анықталса, ол теріс себептермен жұмыстан шығарылады.
Үшінші. Әскери қызмет өткерудің жекелеген мәселелерін тәртіпке келтіру. Мұнда әскери қызметшілердің міндеттері толықтырылды. Олар қызметтік әдепті сақтауға, әскери мүліктің сақталуын қамтамасыз етуге міндетті. Сонымен қатар оларға көпшілік алдында әскери қызмет мүдделеріне зиян келтіретін сөз сөйлеуге тыйым салынады.
Бұдан бөлек, әскери қызметші өзі, жұбайы немесе жақын туыстары шет мемлекеттің азаматтығын қабылдауды жоспарласа, азаматтықтан шығу туралы өтініш берсе, дереу командирді (бастықты) хабардар етуге тиіс. Теріс себептер бойынша, сондай-ақ азаматтығының тоқтатылуына байланысты әскери қызметтен шығарылған кезде оны оқытуға, біліктілігін арттыруға және қайта даярлауға жұмсалған қаражатты мемлекетке өтеуге міндеттеледі.