НҰР-СҰЛТАН, 15 сәуір – Sputnik. ҚХР төрағасы Си Цзиньпин Хайнань провинциясында Қытайда "панда адам" лақап атымен танымал қазақстандық Руслан Төленовпен кездесті. Бұл туралы Қытайдың Қазақстандағы елшісі Чжан Сяо хабарлады.
Русланның қаны теріс резус-факторлы сирек кездесетін қан тобына жатады. Қытайда бұл қан тобын "панда қаны" деп атайды. Қазақстандықтың лақап аты да осыдан шыққан.
Руслан Қытайға 2009 жылы оқуға және жұмыс істеуге келген. Содан бері отандасымыз алты литрден астам қан тапсырған.
2013 жылы Си Цзиньпин Қазақстанға сапары барысында Руслан Төленовтің жанқиярлығын жоғары бағалады.
Русланның айтуынша, ол қоғамға пайдасын тигізіп жүр. Басқаларға көмектесуді оған ата-анасы үйретіпті.
Қазір Руслан Төленов Хайнань провинциясында халықаралық экономиканы дамыту бюросында істейді. Ол осы бюродағы алғашқы шетелдік маман атанды.
Кейбір мәлімет бойынша, әлемде мұндай қан тобымен небәрі елуге жуық адам бар.