Ресейде Байтұрсынов пен Әуезовтің мерейтойына орай кітап көрмесі ашылды

Sputnik
АЛМАТЫ, 15 сәуір — Sputnik. Ресей ұлттық кітапханасында қазақ қайраткерлеріне арналған кітап көрмесі ашылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, Ресей ұлттық кітапханасында кітап көрмесі лингвист Ахмет Байтұрсыновтың 150 жылдығына және жазушы, академик Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығына орай ашылған.
Ресейдің мәдени астанасында қазақ қайраткерлеріне арналған кітап көрмесі ашылды
Көрме Қазақстанның Санкт-Петербургтағы Бас консулдығы, Ресей ұлттық кітапханасы және жергілікті қазақ диаспорасының бірлескен бастамасымен ұйымдастырылды.
"Іс-шараға кітапхана басшылығы, қаланың қоғам қайраткерлері, Санкт-Петербург қаласында тұратын қазақ және басқа диаспоралардың өкілдері, сондай-ақ Санкт-Петербург қаласының тұрғындары мен қонақтары қатысты", - делінген ақпаратта.
Ресейдің мәдени астанасында қазақ қайраткерлеріне арналған кітап көрмесі ашылды
Көрмеге 100-ден астам әртүрлі бірегей экспозициялар қойылды. Оның ішінде Ахмет Байтұрсыновтың "Qazaq" газетінің 1913 жылдың 2 ақпанындағы мақаласы түпнұсқасының бірінші басылымы бар. Сондай-ақ Мұхтар Әуезовтің қазақ балаларына арналған "Жаңа ауыл" атты орысша әліппесі қойылды, ол 1929 жылы шыққан.
Көрмеге қатысушылар аталған іс-шараның Қазақстан мен Ресей арасындағы екіжақты гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейту мен нығайтуда маңызды рөлі бар екенін атап өтті. Сондай-ақ 2022 жылдың қыркүйегінде Мұхтар Әуезовтың толық шығармаларынан көрме ұйымдастыру туралы шешім қабылданды.
Ахмет Байтұрсыновтың 150 жылдығы Түркітанушы, публицист, педагог, аудармашы, қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлы 1872 жылы 5 қыркүйектe қазіргі Қостанай облысы, Жангелді ауданы Сарытүбек ауылында дүниеге келген.
Ахмет Байтұрсынұлы қазақ әліппесі мен қазақ тілі оқулықтарын жазып шыққан. Онымен қоса қазақ графикасын жасауға кіріседі. Араб таңбаларын қазақ фонетикасына икемдейді, ол үшін қазақ дыбыстары жоқ таңбаларды алфавиттен шығарады, арабша таңбасы жоқ дыбыстарына таңба қосады, қазақ тілінің жуанды - жіңішкелі үндестік заңына сай жазуға ыңғайлы дәйекші белгі жасайды.
Қазір Ахмет Байтұрсыновты қазақ әліпбиінің атасы деп атайды. Қоғам қайраткерінің мерейтойы қарсаңында ЮНЕСКО-ның 41-ші бас конференциясының арнайы қарарымен 2022-2023 жылдарға арналған халықаралық мерейтойлар тізіміне Қазақстанның ұсынысымен Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы енді.
Сондай-ақ Алматыдағы Байтұрсыновтың мұражай-үйі Алматының меншігіне қайтарылды. Мұражай 1993 жылы құрылды және 1998 жылы ресми түрде ашылды. Мұражайда Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен шығармашылығы туралы 500-ге жуық материал сақталған.
Мұхтар Әуезовтің туғанына 125 жыл Мұхтар Әуезов қазіргі Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданындағы Бөрілі деген жерде 1897 жылы 28 қыркүйекте дүниеге келген. Әкесі Омархан мен атасы Әуез екеуі де хат танитын сауатты адам болған. Өз заманында ұлы Абаймен сырлас, ауылдары іргелес, аралас-құралас тіршілік кешкен. Бала Мұхтардың атасы Әуез – Құнанбайдың кіші әйелі Нұрғанымның туған інісі.
Абайдың өлеңдерін зор ықыласпен тыңдап, қағаз бетіне түскен тың туындыларымен танысып, пікір алмасатын жақын адамдарының бірі болған. Мұхтардың бала кезінен Абай мұрасына қызығушылығын оятқан да осы атасы еді. Мұхтар дүние есігін ашқанда, Абай Әуезовтердің шаңырағына шілдеханаға барған деген де естеліктер бар.
20 жасында Әуезов өзінің тұңғыш көлемді туындысы "Еңлік-Кебекті" жазды. Шекспирдің Ромео мен Джульетта туралы хикаясымен желілес бұл пьеса күні бүгінге дейін қазақ сахнасынан түспей келеді. "Еңлік-Кебек" ең алғаш 1917 жылы Абайдың әйелі Әйгерімнің ауылында сахнаға қойылса, 1922 жылы Орынборда жеке кітап болып басылып шықты. Қаламгердің көптеген көркем әңгімесі, тұңғыш пьесалары Семейде жазылып, Семейде сахналанды.
Әуезовтің "Абай жолы" эпопеясын жазуға 30 жыл уақыты кетті. Он тоғыз жасынан Абай туралы жазуды ойға алып, он жеті жыл үздіксіз ізденіп, он екі жыл ішінде жазып шықты. Әуезов алғашқыда екі кітаптан тұратын "Абай" (1942 жылы, 1947 жылы), одан кейін мұның жалғасы ретінде "Абай жолы" (бұл да екі кітаптан тұратын, 1952 жылы, 1956 жылы) романын жазды.
Жазушы 1961 жылы 27 маусымда Мәскеу қаласындағы ауруханада операция кезінде қайтыс болды. Алматы қаласында жерленген.