АЛМАТЫ, 13 қазан – Sputnik. Қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсыновтың мұражай-үйі Алматының меншігіне қайтарылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Жұмыс сапары барысында қала әкімі Бақытжан Сағынтаев Байтұрсынұлының мұражай-үйіне барды. Ол ғимаратты қоғамдық қордан коммуналдық меншікке беру туралы шешім қабылданғанын айтты.
"Келер жылы көрнекті ағартушы Ахмет Байтұрсыновтың туғанына 150 жыл толады. Мерейтойға дайындық барысында қоғам қайраткері тұрған мұражай-үйді қала меншігіне қайтардық. Оның мұрасы мәңгілік сақталады", - деп жазды Сағынтаев Twitter парақшасында.
Келер жылы көрнекті ағартушы А. Байтұрсыновтың туғанына 150 жыл толады. Мерейтойға дайындық барысында қоғам қайраткері тұрған мұражай-үйді қала меншігіне қайтардық. Оның мұрасы мәңгілік сақталады. pic.twitter.com/uh3jRQh5X6
— Бакытжан Сагинтаев (@sagintayev_b) October 13, 2021
ХХ ғасырдың басында салынған мұражай ғимараты республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілген. Ғимараттың жалпы ауданы – 160 шаршы метр.
Мұражай 1993 жылы құрылды және 1998 жылы ресми түрде ашылды. Мұражайда Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен шығармашылығы туралы 500-ге жуық материал сақталған.