Былтыр Құран Кәрімді жатқа және мәнерлеп оқудан Х республикалық байқауда "30 пара" бойынша екінші орынды иеленді. Мансұрхан өз тобында ең жас жүлдегер атанған.
Биыл 12 жасқа толған қари бала Нұр-Сұлтанға Рамазан айында тарауих намазын өткізуге шақырылды.
Sputnik Қазақстан тілшілері Әзірет Сұлтан мешітіне барып, Құранды жатқа білетін баламен танысып қайтты.
Әкесі Мансұрханды алты жасында Құран оқуды үйреткен. Кішкентай бала мектепті де, діни білімді де қатар алып жүрген. Ал жазғы демалысын толығымен Құранға арнады.
"Мен мектепке даярлық тобынан кейін жазғы демалысты Құран оқуға арнадым. Ал мектепке барғаннан кейін сабақ пен Құранды қатар оқыдым. Сөйтіп, бірінші сыныпты бітіргенге дейін бір параны жаттап қойдым. Ал жазғы каникулда оған тағы екі пара қостым. Артынан тағы екеуін жаттадым. 9 жасымда Құранды толығымен жаттап алдым", - дейді қари бала.
Биыл Мансұрхан Нұр-Сұлтан қаласына шақырылды. Оған бірден Рамазан айында Әзірет Сұлтан мешітінде тарауих намазын өткізуге рұқсат берді.
"Мен бұған дейін тарауих намазын оқымағанмын. Бірінші рет шығып тұрмын", - деп атап өтті ол.
Қари бала тарауих намазынан кейін демалады. Таңғы уақытта сәресін ішеді де, аузын бекітеді.
"Одан кейін тағы дем аламын да, сөйтіп, 8-9-дарда тұрамын. Содан дайындық басталады", - дейді Мансұрхан.
Рамазан айында Құранды толығымен оқып шығу қажет. Ал Мансұрхан өз жолын таңдады. Болашақта имам болғысы келеді.
Толығырақ Sputnik-тің видеосынан көріңіз.