АЛМАТЫ, 15 сәуір – Sputnik. Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің шешімімен 15 сәуірден бастап Ақтөбе қаласының халықаралық әуежайындағы барлық шектеу алынады. Бұған дейін жасанды ұшу-қону жолағында жөндеу жұмыстары жүргізілген.
"Жақын арада барлық ішкі және халықаралық рейстер қалпына келтіріледі", - деп хабарлады әуе айлағының баспасөз қызметі.
Бұған дейін азаматтық авиация комитеті 17 наурыздан бастап Ақтөбе әуежайының ұшу-қону жолағы жөндеу жұмыстары аяқталғанға дейін жабылатынын жариялады.
Тексеріс кезінде әуежайдың ұшу-қону жолағында түрлі ақаулар мен жарықшақтар анықталды. Сондықтан оны пайдалануды уақытша тоқтату туралы шешім қабылданды.
Ақтөбе әуежайының басшылығы Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің әуе айлағын уақытша жабу туралы шешіміне келіспеді. Әуежайда ұшу-қону жолағы қанағаттанарлық жағдайда деп мәлімдеді.