АЛМАТЫ, 14 сәуір — Sputnik. Алматы қаласының жаңа әкімі Ерболат Досаевтың халықпен алғашқы кездесуі Бостандық ауданында өтіп жатыр, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Досаевтың айтуынша, мамырда қалалық мәслихатқа Бостандық ауданы аумағына 9 қабаттан биік тұрғын үй салуды шектейтін құжат ұсынылады.
Қазір Бостандық ауданында, оның ішінде "Мега центр", "АДК" сауда орталықтарының, бұрынғы жеміс консервілеу комбинатының жанында, сондай-ақ Сәтбаев – Байтұрсынов – Бұқар жырау көшелері – Есентай өзені бөлігінде тұрғын үй құрылысы қарқынды жүріп жатыр.
"Құрылыс мәселелерін жүйелі түрде шешу үшін биыл мамырда Абай даңғылының оңтүстігінде Шығыс айналма жолынан Яссауи көшесіне дейін 9 қабаттан биік ғимарат салуды шектейтін жаңа регламент қала мәслихатының бекітуіне ұсынылады, яғни бұл периметрге барлық Бостандық ауданы кіреді", - деді Ерболат Досаев.
Әкімнің айтуынша, әлеуметтік инфрақұрылым объектілерін міндетті түрде салу талаптарын ескеріп, құрылыс салу тәсілдері қайта қаралды.
Бұрын рұқсат беру кезінде құрылыс салушылардан бұл қатаң талап етілмеген, дейді әкім.