НҰР-СҰЛТАН, 13 сәуір – Sputnik. Ресей Федерациясының Қазақстандағы елшілігі Ғарыш күніне орай салтанатты қабылдау өткізді.
Қабылдау "Роскосмос" мемлекеттік компаниясының Қазақстандағы өкілдігімен бірлесіп ұйымдастырылды.
Ресей Федерациясының Қазақстандағы елшілігінде Ғарыш күніне орай салтанатты қабылдау өтті
© Photo : VK / Посольство России в Казахстане
Іс-шараға Қазақстанның сыртқы істер министрлігі, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі, "Бәйтерек" бірлескен кәсіпорны, "Қазақстан ғарыш сапары" ұлттық компаниясы", Республикалық ғарыш байланысы орталығы басшылығының өкілдері қатысты.
Қабылдауға сондай-ақ ТМД, ШЫҰ, БРИКС-ке мүше мемлекеттердің, сондай-ақ кеңестік және ресейлік ғарыш кемелерімен өз азаматтарын орбитаға аттандырған бірқатар мемлекеттің дипломатиялық өкілдіктерінің басшылары, Ресейдің Қазақстандағы өкілдіктерінің қызметкерлері және БАҚ өкілдері қатысты.
Ғарышкерлер Талғат Мұсабаев (Қазақстанның Халық Қаһарманы және Ресей Федерациясының Батыры) мен Айдын Айымбетов (Қазақстанның Халық Қаһарманы) іс-шараның басты қонағы болды.
Ресейдің Қазақстандағы елшісі Алексей Бородавкин өз сөзінде жиналғандарды адамның тұңғыш рет ғарышқа ұшқанына 61 жыл толуымен құттықтап, бұл оқиғаның тарихи маңызына тоқталды. Ол Ресей мен Қазақстанның ғарыш кеңістігін игеру саласындағы жемісті ынтымақтастығын атап өтіп, аэроғарыш саласы қызметкерлеріне табыс пен жетістік тіледі.
Талғат Мұсабаев жиналғандарды Ғарыш күнімен құттықтап, ғарышта, оның ішінде ғарыш кемесі мен халықаралық экипаж командирі ретінде жеке тәжірибесімен бөлісті. Ол Қазақстан мен Ресейдің ғарыш саласындағы ынтымақтастығы табысты жалғаса беретініне сенім білдірді.