НҰР-СҰЛТАН, 13 сәуір – Sputnik. "Қазақстан халқына" қоғамдық қоры қайырымдылық көмек жасауды жалғастырады. Сонымен қатар бірнеше маңызды бағытқа басымдық беріледі, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан қордың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ресми мәліметке сәйкес, бірнеше бағытта нақты бағдарламалар мен жобалар қолға алынады. Денсаулық саласы:
- мемлекет тарапынан көмек алмайтын орфандық ауруларға шалдыққан пациенттерді дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету;
- перзентханаларға офтальмологиялық және аудилогиялық скрининг, сондай-ақ ауруларды ерте анықтауға арналған құрал-жабдықтарды жеткізу;
- онкологиялық және онкогематологиялық патологиясы бар науқастарға ағза мен тіндердің трансплантациясын жасау жағынан көмектесу;
- мүгедек адамдарды техникалық құралдармен, атап айтқанда, бионикалық протездермен қамтамасыз ету.
Білім беру саласында шағын қалалар мен ауылдарда мектеп білімін көтеру бойынша арнайы бағдарлама болады. Бұдан бөлек, биыл жетім балалар мен қиын өмірлік жағдайға тап болған балаларды қолдау шаралары атқарылады. Олар:
жаңа форматтағы балалар үйлерін қолдау;
жас отбасылардың жалға алып отырған үйінің өтемақысын төлеу (ерлі-зайыптының біреуі жетім болып өскен жағдайда);
ерекше қажеттілігі бар балалар үшін спорт залдар, музыкалық сыныптар мен басқа да аудиторияларды жабдықтау;
мүгедек балаларды ақпараттық технологияларға үйрету.
"Қазақстан халқына" қоғамдық қорының төрағасы Болат Жәмішевтің айтуынша, алдағы уақытта қордың ресми сайтында көмекке зәру адамдардың реквизиттері де жарияланады. Сонда әрбір қазақстандық тікелей көмек бере алады.
"Бізге жеке азаматтар да Kaspi-мен ақша жібереді. Аударымның сомасы үлкен болмаса да, ондай адамдар көп. Олардың барлығы қайырымдылық жасағысы келеді. Алдағы уақытта біз көмекке зәру балалар туралы ақпаратты ресми сайтымызда жариялап тұрамыз. Сонда халық қалаған адамға көмек беріп отырады", - деді Жәмішев орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Қор басшысының айтуынша, әрбір бағыт бойынша көмекке зәру адамдар туралы ақпарат жарияланады.