Қаржы пирамидасын жарнамалаған вайнерлерге қатысты тергеу аяқталуға жақын - ІІМ

Жақын арада барлық материал процеске қатысушыларға таныстырылады, содан кейін сотқа жіберіледі
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 13 сәуір – Sputnik. Ішкі істер министрлігінің тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов вайнерлер жарнама жасаған қаржы пирамидасына қатысты тергеу шараларының аяқталуға жақындағынын мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бұған дейін белгілі актер әрі вайнер Мейіржан Төребаев, актер Мейірхан Шерниязов және блогер Азимжан Саидбаев қаржы пирамидасын құрды деген күдікке ілінді.
Төребаев пен Шерниязов 1000 АЕК (3 063 000 теңге) көлемінде кепіл төлеп, соттың соңғы шешіміне дейін бостылды.
Ал Саидбаевты қамауға алуға шешім шығарылды. Бірақ ол шетелге қашып кетті. Оған халықаралық іздеу жарияланды.

"Үшеуі де жауапқа тартылып жатыр. Өкінішке орай, біреуі шетелге қашып кетті. Қазір оның жүрген жерін анықтау шаралары қолға алынды. Біз қылмыстық істі тергеуді аяқтап қалдық. Жақын арада барлық материал процеске қатысушыларға таныстырылады, содан кейін сотқа жіберіледі. Тергеу кезінде күдіктілерге қатысты толық дәлелдер жиналды", - деді Әділов орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Айта кетері, 2021 жылы вайнерлер Mudarabah Capital компаниясын жарнамалай бастаған. Үшеуі де компанияның құрылтайшылары атанды.
Кейін компания қаржы пирамидасы деп танылды. 2021 жылдың қазанында Mudarabah Capital компаниясының иесі Алматыда қаржы пирамидасын ұйымдастырды деген күдікпен ұсталды.