НҰР-СҰЛТАН, 13 сәуір – Sputnik. Қаңтар оқиғасы кезінде кездейсоқ көз жұмған 8 адамның отбасына өтемақы төленді. Бұдан бөлек, тағы 13 адамның тізімі тексеруге жіберілді. Бұл туралы "Қазақстан халқына" қоғамдық қорының төрағасы Болат Жәмішев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Қор басшысының айтуынша, құзіретті мемлекеттік органдар тізімді қарайды. Тергеу кезінде ол адамдардың кездейсоқ қайтыс болғаны расталуы қажет. Сонда ғана туыстарына өтемақы төленеді.
"Барлығы 211 бейбіт тұрғын көз жұмды деген ақпарат бар. Қазір 8 адамның отбасына өтемақы төленді. Тағы 13 адамға төленуі керек. Сонда әзірше 21 адам болып тұр. Тергеу кезінде қалған адамдар бойынша ақпарат түседі деп ойлаймын", - деді Жәмішев орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Оның сөзіне қарағанда, қазір құзіретті мемлекеттік органдардың қарауына жіберілген 13 адамның біреуі тергеу абақтысында қайтыс болған. Осы орайда қор басшысы әрбір отбасыға төленетін өтемақының көлемін де жариялады.
"Әрбір отбасыға 7 миллион теңге беріледі. Әскери қызметші болсын, бейбіт тұрғын болсын, әрбір отбасыға 7 миллионның өтемақысы төленеді. Тергеу шаралары жалғасып жатыр", - деп атап өтті Жәмішев.
Ал қаңтар оқиғасы кезінде жарақат алғандарға өтемақы төленбейді.
"Біз адамның кездейсоқ жарақат алғанын, я алмағанын анықтай алмаймыз. Ондай құзірет жоқ. Біз нақты рәсімдей алатын нәрсені ғана жасай аламыз. Ал адамның қалай жарақат алғанын дәлелдеу қиын. Оны бәріміз жақсы түсінеміз", - дейді Жәмішев.