НҰР-СҰЛТАН, 13 сәуір – Sputnik. Ақмола облысының тұрғыны анасының атынан кредит алып, құмар ойынға салып жіберген, деп хабарлады Polisia.kz.
Көкшетау қаласының полиция басқармасына жергілікті тұрғын шағымданып, 6 сәуірде 28 жастағы ұлы өзіне тиесілі Samsung ұялы телефонын ұрлап әкеткенін хабарлады. Кейін гаджетте орнатылған банктің мобильді қосымшасы арқылы жас жігіт оның атына 1,5 миллион теңге сомасында онлайн несие рәсімдеген.
Залалдың жалпы сомасы 1 миллион 680 мың теңгені құрады.
Қаскүнемнің тұрған жерін анықтау үшін полиция қызметкерлері жедел іздестіру шараларын жүргізіп, күдіктіні жалдамалы пәтерде ұстады. Заттай дәлел – Samsung ұялы телефоны тәркіленді.
Ер адам ойынға тәуелділіктен зардап шегетіні және кредитке алынған ақшаны сол күні ұтылғаны белгілі болды.
Куәгерлердің айтуынша, ер адам қарыздарын беру үшін үшінші тұлғалардың атынан бірнеше рет кредит алған.
Аталған факті бойынша Қазақстан Қылмыстық кодексінің 188-бабы 2-бөлігіне (Ұрлық) сәйкес сотқа дейінгі тергеу басталды.