НҰР-СҰЛТАН, 12 сәуір– Sputnik. Үкімет басшысы Әлихан Смайылов ішкі жалпы өнімнің 4,4 процентке өскенін мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Премьер-министрдің айтуынша, бүгінде отандық экономикадағы нақты сектордың орнықты дамуы байқалады. Соның нәтижесінде бірінші тоқсанда жалпы ішкі өнім 4,4 процентке өсті.
"Ел экономикасының өсуіне, негізінен, өңдеуші өнеркәсіп салалары әсер етті. Атап айтқанда, былғары өнімдерін өндіру - 29 процентке, сусындар өндірісі - 19 процентке, фармацевтика - 18 процентке, пластмасса өнімдерін шығару - 15 процентке, киім-кешек өндірісі - 13 процентке, минералды өнімдер - 12 процентке, машина жасау саласы - 11 процентке, оның ішінде автомобиль өндірісі - 15 процентке, дайын металл бұйымдарын өндіру 11 процентке өсіп отыр", - деді Смайылов.
Ал тау-кен өнеркәсібі 6,1 проценттік өсім бар. Оған мұнай игеру көлемі (+7,6 процент), табиғи газ (+8,2 процент), метал кені мен көмір өндіруді (+ 1,9 процент ) ұлғайту шаралары әсер етті.
"Қызмет көрсету секторында көлік, сауда және байланыс салаларындағы жоғары динамика есебінен 2,8 процент деңгейінде оң өсім байқалып отыр. Құрылыс саласында өсім 8,6 процентті құрады. Қазірдің өзінде 2,9 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді ",- деп атап көрсетті Смайылов.
Биыл қаңтар-наурыз айларында бойынша Ақмола, Алматы, Жамбыл мен Шығыс Қазақстан облыстарында, сондай-ақ, Шымкент пен Нұр-Сұлтанда барлық негізгі көрсеткіштер бойынша өсім бар.
"Қалған өңірлер жұмысты жандандыруға тиіс", - деді Смайылов