Оқиға

Шымкентте жас жігіт аттракционнан құлап кетті

Жас жігіт түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілді
Sputnik
АЛМАТЫ, 11 сәуір – Sputnik. Адвокат Евгения Яворский әлеуметтік желіде жас жігіттің Шымкентте Жайлаукөл саябағындағы "құзға өрмелеу" аттракционынан құлағанына кездейсоқ куә болғанын айтып, маусым басталар алдында қала билігін қаланың барлық аттракционындағы қауіпсіздікті тексеруге шақырды.
Евгений Яворскийдің айтуынша, төтенше оқиға 10 сәуір кешке Бәйдібек би көшесіндегі Жайлаукөл саябағында болған.
"20 жастағы жас жігіт "өрмелеу қабырғасы" аттракционынан құлап кетті. Қайғылы оқиға болған осы саябақтың басшысы қызметінен босатылып, қылмыстық жауапкершілікке тартылуы керек деп санаймын", - деп жазды Яворский.
Ол сондай-ақ жәбірленушіге көмектесуге ниетті екенін айтты.
Сонымен қатар, ол парк қызметкерлерінің жылдам жұмыс істегенін атап өтті. Олар зардап шегушіге барлық қажетті көмек пен қолдау көрсеткен.
Сондай-ақ Яворский аттракцион иесі мен қалалық билік органдарына маусымның басталуына дейін барлық аттракционның қауіпсіздігін тексеру керек екенін айтты.
"Барлық уәкілетті орган мен осы бағытқа жауапты басшылар ең бастысы демалушылардың қауіпсіздігіне бағытталған барлық іс-шараны өткізуі қажет", - деп түйіндеді ол.
Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасы құлаған жігіттің жағдайы туралы айтты.
"10 сәуірде қала саябағынан жедел медициналық жәрдем қызметіне ер адамның биіктен құлап, жарақат алғаны туралы хабар түсті. Оқиға орнына келген медицина қызметкерлері науқасқа алғашқы медициналық көмек көрсетіп, 1 қалалық клиникалық ауруханаға жеткізді. Тексеру кезінде науқаста басының маңдайы жарылғаны анықталды. Дереу емдеу жүргізілді. Науқастың жағдайы ауыр, реанимацияда жатыр", - деп хабарлады Шымкент денсаулық сақтау басқармасы Sputnik Қазақстан тілшісіне.
Қалалық полиция департаменті де төтенше жағдайға қатысты пікір білдірді.
"Бәйдібек би көшесіндегі аттракциондар паркінде 2022 жылдың 10 сәуірінде болған оқиға бойынша Әл-Фараби аудандық полиция басқармасының қызметкерлері ҚР ҚК 306-бабының 1-бөлігі "тұтынушылардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігі талаптарына сай келмейтін жұмыстарды орындау немесе қызмет көрсету" бойынша қылмыстық іс тіркеді", - деп хабарлады полицияның баспасөз қызметі.
Олар қазір сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын, оның барысында оқиғаның барлық мән-жайы анықталатынын айтты
Өңірлер
Қарағандылық әйелдің өлімі: аттракцион инструкторы қамауға алынды