НҰР-СҰЛТАН, 11 сәуір – Sputnik. Қытайда жексенбі күні коронавирус жұқтырған 27 595 адам тіркелді. Бұл бір тәуліктегі рекордтық көрсеткіш. Індетке шалдыққандардың дені – Шанхайда, деп хабарлайды ҚХР мемлекеттік денсаулық сақтау істері жөніндегі комитет.
Комитет мәліметінше, өткен тәулікте Қытайда COVID-19 инфекциясының 1 184 расталған жағдайы және 26 411 симптомсыз жағдай анықталды.
Вирус жұқтырғандардың басым бөлігі елдің шығысында орналасқан Шанхайда тіркеліп отыр. Жексенбі күні қалада 914 расталған жергілікті және 25 173 симптомсыз жағдай анықталды.
24,9 млн халқы бар мегаполис билігі 28 наурыздан бастап індеттің қайта өршуіне байланысты локдаун жариялаған болатын.
Биліктің жоспарына сәйкес, жаппай тестілеудің екі раундын өткізу және аурудың алдын алу үшін қажет локдаун екі кезеңнен тұруға тиіс еді: 28 наурыздан 1 сәуірге дейін – Хуанпу өзенінен шығыс пен оңтүстікке қарай; 1 сәуірден 5 сәуірге дейін – Хуанпу өзенінен батысқа қарай. Алайда індетке шалдыққандардың көбеюінен локдаун мерзімі ұзартылды. Әзірге оның қашан аяқталатыны белгісіз.