НҰР-СҰЛТАН, 11 сәуір — Sputnik. Қыс бойы Балқаш көлінде болған балықшының мәйітін куәгерлер тапты. Мұз ерігеннен кейін мәйітті жағаға шығарып тастаған, деп хабарлады Қарағанды облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Күні кеше полицияға көл жағасынан ер адамның мәйіті табылғаны туралы хабарлама түскен.
"Сол маңнан өтіп бара жатқан адамдар мәйітті тауып алған. Мән-жайды анықтағаннан кейін көз жұмған азамат өткен жылдың 24 қарашасында жоғалып кеткен 51 жастағы Болат Дүйсембаев екені белгілі болды", - деді полицейлер Sputnik Қазақстан тілшісіне.
Ер адамның туыстары оның жоғалып кеткені туралы полицияға шағымданған. Туыстарының айтуынша, ер адам балық аулауға аттанып, қайта оралмаған.
Адамның із-түзсіз жоғалғаны туралы шағым түскен соң полиция жедел-іздеу шараларын бастаған.
Полицияның айтуынша, көл жағасынан оның жеке заттары табылған. Алайда көл бетін мұз басуына байланысты суатты толық тексеру мүмкін болмаған.
Сондай-ақ ведомство жағалаудан табылған ер адам қарашада жоғалған Балқаш тұрғыны екенін растады. Баспасөз қызметі атап өткендей, оның денесінен зорлық-зомбылық белгілері табылмаған. Күн жылып, мұз еруіне байланысты мәйітті жағаға шығарып тастаған.