Оқиға

Талдықорғанда өзеннен көлікпен өтпек болған адам құтқарылды

Ер адам медициналық көмектен бас тартты
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 10 сәуір — Sputnik. Талдықорған қаласында ер адам Қаратал өзенінен жеңіл көлікпен өтпек болған. Бірақ машина суға батып қалды. Бұл туралы Алматы облысы ТЖД баспасөз қызметі хабарлады.
9 сәуірде түнгі сағат 00:42-де Алматы облысы төтенше жағдайлар департаментіне Талдықорған қаласында 1989 жылы туған ер адам Mitsubishi Pajero маркалы автокөлігімен Қаратал өзенінен өткісі келгені, бірақ көлігімен қоса өзеннің ортасында тұралап қалғаны туралы хабарлама келіп түскен.
"Алматы облысы ТЖД жедел-құтқару жасағының құтқарушылары оқиға орнына жеткенде көліктің Қаратал өзенінің ортасында 1,5-2 метр тереңдікте тұрып қалғанын анықтады. Ал көлік жүргізуші көліктің төбесіне шығып алған", - деп жазылған ведомствоның баспасөз қызметінде.
Белгілі болғандай, мамандар құтқару арқанының және жилеттің көмегімен ер адамды құтқарып, жағаға аман-есен алып шыққан. Өзеннен өтпек болған ер адам медициналық көмектен бас тартты.