Ресейліктер мен белорустар қазақстандық банктерде 12 мыңға тарта шот ашты

Ұлттық банктің талаптары бойынша шотты офлайн және онлайн режимде ашуға болады
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 8 сәуір – Sputnik. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Қазақстан банктерінде шот ашқан Ресей және Беларусь азаматтарының нақты санын жариялады.
"2022 жылдың 24 ақпанынан бері Қазақстан банктерінде Ресей мен Беларусьтің резидент-жеке тұлғалары үшін 11 940 шот ашылған. Соның ішінде 10 725 шот өтініш берушінің немесе сенім білдірілген адамның Қазақстан банкіне келуі арқылы ашылса, 1 215 шот қашықтан рәсімделді. Нәтижесінде аталған мемлекеттердің Қазақстан Республикасының банктерінде шоты бар азаматтарының жалпы саны 162 мыңға жетті", - делінген ресми хабарламада.
Ресей Федерациясының заңды тұлғалары ашқан шоттар да аздап өскен. Ақпанның соңынан бері тағы 7 ресейлік компания Қазақстан банктерінде шот ашты. Осылайша Ресей ұйымдарының жалпы саны 805-ке жетті.
"Қазіргі уақытта барлық шетелдік азаматтар мен компаниялар үшін банк шоттарын ашу және жүргізу тәртібі қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы заң (КЖТҚҚ) нормаларымен, сондай-ақ Ұлттық банк пен агенттіктің реттеушілік талаптарымен реттелген", - дейді агенттік мамандары.
Ұлттық банктің талаптары бойынша шотты офлайн және онлайн режимде ашуға болады. Бірақ шот ашылғанға дейін шетелдік өтініш беруші тексерістен өтеді. Бұдан бөлек, банктер шетелдік, оның ішінде трансшекаралық сипаттағы клиенттердің операцияларына күшейтілген мониторинг жүргізуге міндетті.
Күшейтілген мониторинг шеңберінде күдікті мәмілелерді анықтау және тәуекелі жоғары транзакцияларға жол бермеу үшін банктер клиент ақшасының шығу көздерін және оның контрагентінің заңды мәртебесін, жүргізілетін операцияның шарттары мен экономикалық мәнін қосымша талдайды.