Қоғам

Пәтерді заң бойынша қалай жалға береді

Sputnik Қазақстан пәтерді заң бойынша жалға беру жолдарына шолу жасады
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 8 сәуір – Sputnik. Бүгінде ірі қалаларда пәтерді жалға беріп отырған адамдар аз емес. Шыны керек, көбісі ауызша келісе салады. Себебі пәтерді заң бойынша жалға берудің машақаты көп деп ойлайды. Оған қоса, салық төлеу керек.
Алайда қазіргі кезде құжат рәсімдеу қиын емес, ыңғайлы салық мөлшерін де таңдауға мүмкіндік бар. Жыл сайын айыппұл төлегенше салық аударып отырған тиімді. Sputnik Қазақстан пәтерді заң бойынша жалға беру жолдарына шолуды ұсынады.

Жеке кәсіпкер ретінде тіркелу

Жеке кәсіпкер ретінде тіркелкен адам өз пәтерін еш кедергісіз жалға бере алады. Ал салықтың мөлшері табысына қарай төленеді. Бүгінде үйді жалға беретін адамдар көп жағдайда екі салық салу режимінің біреуін таңдап жатады. Олар: патент (911.00 формасы) және жеңілдетілген декларация (910.00 формасы).
Патентпен жұмыс істейтін жеке кәсіпкерлер ең аз салық төлейді. Бюджетке табыстың 1 проценті ғана аударылады. Патентпен салық есебін тапсырудың қажеті жоқ. Оны бір айға да алуға болады. Бірақ бірқатар шектеулері бар.
Біріншіден, патентпен жұмыс істеу үшін жылдық табыстың көлемі 3 528 айлық есептік көрсеткіштен, яғни, 10 806 264 теңгеден аспауы тиіс. Екіншіден, жалдамалы жұмысшыларды ұстауға болмайды.
Ал жеңілдетілген декларациямен үйді жинайтын және тағы басқа жұмыс істейтін жұмысшыларды жалдап қоюға мүмкіндік бар. Бірақ табыстың 3 процентін салық органдарына аударуға тура келеді. Сосын жарты жыл сайын салық есебін тапсырып отыру қажет.
Айта кетер жәйт, үш жылдық мораторий аясында патент пен жеңілдетілген декларациямен жұмыс істейтін жеке кәсіпкерлер 2022 жылдың 31 желтоқсанына дейін табыс салығынан босатылды. Ал зейнетақы, әлеуметтік салық пен медициналық сақтандыру жарналарын төлей береді.

Жеке кәсіпсіз пәтерді жалға беруге болады

Заң бойынша жеке кәсіпкер ретінде тіркелмей-ақ, пәтерді жалға беруге болады. Оның да екі жолы бар. Біреуі – жеке табыс салығының декларациясы (240.00 формасы), екіншісі – бірыңғай жиынтық төлемі.
Жеке табыс салығының декларациясы жылына бір рет 31 наурызға дейін тапсырылады. Салықтың мөлшері – 10 процент. Оны 10 сәуірге дейін төлеп отыру қажет.
Ал бірыңғай жиынтық төлемі бойынша есеп берудің қажеті жоқ. Бірақ осы төлем ай сайын жасалады. Әрбір адам тұрған жеріне қарай төлейді. Астана, республикалық және облыстық маңызы бар қалалардың тұрғындары үшін – 1 АЕК (3 063 теңге); басқа елді мекендердің тұрғындары үшін – 0,5 АЕК (1 532 теңге); Жеке табыс салығының декларациясы мен бірыңғай жиынтық төлемін пайдалану үшін жылдық табыстың көлемі 1 175 айлық есептік көрсеткіштен, яғни, 3 599 025 теңгеден аспауы тиіс. Жалдамалы жұмысшыларды ұстауға болмайды.

Пәтерді заңды түрде жалға берудің артықшылығы неде?

Баспананы заңды түрде жалға берудің бірнеше артық тұсы бар. Біріншіден, адамның зейнетақы жарналары аударылып тұрады.
Екіншіден, әлеуметтік және медициналық сақтандыру жүйесіне қатысуға мүмкіндік бар. Ал әлеуметтік сақтандыру жүйесі бойынша бірнеше төлем берілсе, медициналық сақтандыру аясында қажетті ем-домды тегін алуға болады.
Сосын маңызды бір мәселені ұмытпау қажет. Тіркелмеген кәсіпкерлік қызмет заңсыз болып табылады. Ал табысты жасыру және салықтын жалтару әрекеттері үшін әкімшілік жаза қарастырылған.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 463-бабы бойынша жеке тұлғаларға 15 АЕК (45 945 теңге) көлемінде айыппұл салынады.
Тәртіп бұзушылық бір жылдың ішінде қайталанса, айыппұлдың көлемі екі есеге артады. Тапқан табыстың бәрі тәркіленеді.