НҰР-СҰЛТАН, 8 сәуір – Sputnik. Бірнеше күн бұрын кісі қолынан көз жұмған гастроэнтеролог Юрий Шумков жұмыс істеген клиниканың басшысы трагедияның мән-жайын айтып берді, деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Клиника директоры Ләйлә Ташенованың айтуынша, ер адам Шумковтың қабылдауында үш рет болған.
Күдікті Шумковқа бірінші рет 2022 жылғы 1 ақпанда келген. Пациент тамақ іше алмайтынына шағымданған. Оған ФГДС (асқазанды тексеру) жасамақ болғанда ер адам зондты жұлып алған. Процедураны екінші рет те жасау мүмкін болмады. Осыдан кейін пациентті лорға консультацияға жібереді, тек үшінші қабылдауда ғана Шумков ер адамды тексерген. Оған өңеш спазмы деген диазноз қойып, ем тағайындайды. Дәрігер мен пациент арасында ешқандай жанжал болған жоқ, дейді марқұмның әріптестері.
Алайда кейін пациент дәрігерді өлтіруге бел буған, сөйтіп оны үйінің маңындағы автотұрақта атып тастаған.
"Пациент оны ұзақ аңдыпты. Тергеушінің айтуынша, ол түнгі екіде дәрігерді сол жерде күтіп тұрған. Оның ізіне түсіп, көлігі қай жерде тұрғанын біліп алған. Сағат тоғыз шамасында, 8:59-да оны атып тастаған дейді",- деді Ташенова.
Алматылық дәрігердің өлімі
4 сәуір күні Алматының Бостандық ауданында белгілі гастроэнтеролог Юрий Шумковты атып кетті. Қайғылы оқиға марқұмның үйінің жанындағы автотұрақта болған. Дәрігер таңертең жұмысқа барғалы жатқан кезде көз жұмды.
Қылмыскер оны мылтықпен екі рет атқан. Ер адам бейнебақылау камерасына түсіп қалды. Қылмыс жасағаннан кейін күдікті бірден таксиге отырып, ізін жасырған. Полиция оны көп ұзамай ұстады.
Кейбір деректер бойынша күдікті дәрігерді дұрыс емдемегеннен кейін өлтірген.