НҰР-СҰЛТАН, 7 сәуір – Sputnik. Қазақстанда жаңа үш облыс құру бойынша жұмыс осы жылдың бірінші шілдесіне дейін аяқталады. Бұл туралы қаржы вице-министрі Татьяна Савельева айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Облыстарды құру жұмысы 1 шілдеге қарай аяқталады. Саяси шешімдердің басым бөлігі сәуір айының соңына дейін қабылданады. Сол себепті қаржыландыру кешірек болады", - деді вице-министр.
Үш жылға нақтыланған бюджетте жаңа өңірлерге қаржы қарастырылды ма деген сұраққа Савельева "жоқ" деп жауап берді.
"Бюджетте облыстарды бөлуге ақша көзделмеген, әлі әкімшілік процедуралар жүріп жатыр. Бізде бюджет бөлуге қатысты бірнеше нұсқа бар – бюджетті нақтылау немесе бюджетті түзету. Қайсысы ең жылдам және тиімді болса, соны қолданамыз", - деді ол.
Айта кетері, 16 наурызда президент Қасым-Жомарт Тоқаев республикада тағы үш облыс құруды ұсынды.
Атап айтқанда, Семей аймағында Абай облысы құрылады. Орталығы Семей қаласы болады.
Ал бұрынғы Жезқазған облысының аймағында Ұлытау облысы пайда болады. Облыс орталығы – Жезқазған қаласы.
Бұдан бөлек, Алматы облысы екіге бөлінеді. Бұл өңірде Жетісу және Алматы облыстары құрылады. Алматы облысының орталығы Қапшағай, ал Жетісу облысының орталығы Талдықорғанда орналасады.
Жақында Абай облысына кіретін аудандар анықталды. Оған облыстық маңызы бар екі қала – Семей мен Курчатов, сондай-ақ, 8 аудан – Абай, Аягөз, Бесқарағай, Бородулиха, Жарма, Үржар, Көкпекті мен Аксуат кіреді.
Ал Шығыс Қазақстан облысында Өскемен мен Ридер, сондай-ақ, 9 аудан – Алтай, Глубоковской, Зайсаң, Қатонқарай, Күршім, Ұлан, Шемонаиха, Самар мен Тарбағатай қалады.