АҚШ пен Ұлыбритания о баста-ақ Ресейді "екінші Ауғанстанға" айналдырып, орыстарға Украинаны батыс ықпалынан азат етуге кедергі жасағысы келді. Қазір олар екінші мәселені де шешуге тырысып жатыр. Бұл әскери және экономикалық шаралар, сондай-ақ америкалық газ жеткізулері арқылы Еуропаға геосаяси ықпалын арттыру болып отыр, деп жазды РИА Новости.
Бұл жағдайда Еуропа ойдан құрастырылған орыстар қаупінің емес, англосаксондар ойынының құрбанына айналды. Мұны Еуроодақтан шалғай жатқан қытайдан бастап арабқа дейін анық түсінсе, Еуроодақты ешқандай күмән мазаламай отырғаны қызық. Яғни, Еуроодақ Украинадағы соғыс қимылдары тезірек аяқталуына басқалардан көбірек мүдделі болуы керек. Өйткені сонда ғана Еуроодақ ресейлік энергия тасымалдаушы жеткізілімдеріне англосаксондар тарапынан ақпараттық шабуыл жасаудың сылтауын бәсеңдете алар еді.
Бірақ Еуропа басшылары әскери іс-қимылдың созылуын барынша қолдап отыр. Ертең Киевке ЕО көшбасшылары – Еурокомиссия басшысы Урсула фон дер Ляйен мен еуропалық дипломатия басшысы Жозеп Боррель келеді. Олар Украинаға моральдық қана емес, материалдық қолдау көрсету, яғни қару-жарақ жеткізу үшін келмек. Еуроодақ Ресеймен тікелей қақтығыстан бас тартып отырғанын мәлімдегенмен, Украинаның жеңілгенін қаламайтынын, сондықтан қару-жарақпен жабдықтайтынын жиі еске салады.
"Әскери қақтығысты кез келген әдіспен тез арада аяқтау үшін Украинаға қару-жарақ жеткізуді доғару керектігі туралы пікірлер айтылды. Бірақ соғыс аяқталғанда, нәтижесі қандай болады? Егер ол миллиондаған босқыны бар және мыңдаған азаматы мерт болған, жеңіліп, қиратылған елмен аяқталар болса, біз мұны қаламаймыз. Сондықтан Украинаны қаруландыруды жалғастыра беру керек. Біз күннен-күнге көп мемлекет тартылып жатқан эскалацияға араласпай, Украинаны қаруландыра беру керекпіз. Мұндай қақтығыста қарсыласты экономикалық әлсірету және қару-жаарақпен жеңіске жетеді", - деді Еуропарламентте Жозеп Боррель.
Яғни Еуроодақ өзін қақтығыс тарапы ретінде атап отыр. Бастапқыда ол Ресейге ауқымды экономикалық соғыс ашып, енді Украинаға қару-жарақ жеткізуді ұлғайтуды көздейді.
"Біз Украинаға көмектескіміз келеді, бірақ соғысқа араласуды қаламаймыз. ЕО – әскери одақ емес. Бірақ біз Украинаға көмектесу керекпіз деп ойлаймын. Біз қызыл сызықтан асып кетпей, қолдан келгеннің бәрін жасап жатырмыз", - деді Боррель.
Тікелей әскери қақтығысты Еуроодақ та, Ресей де қаламайтыны анық. Себебі бұл ядролық қаруы бар қарсыластардың соғысына айналар еді. Жалпы, ешқандай еуропалық жеткізулер ресейлік операцияға кедергі бола алмайды. Біріншіден, еуропалықтарда ауыр техника мен авиацияны украин армиясына, негізінен соғыс жүріп жатқан Донбасқа жеткізетін мүмкіндік жоқ.Екіншіден, жеткізулер номенклатурасы да шектеулі. Бундесвер қоймасы шексіз емес. Сондықтан Украина үшін арнайы қару сатып алудан басқа амал жоқ.
"Соғыс қимылдарын түбегейлі өзгерте алмағанмен, еуропалық қару-жарақ жеткізулері украин армиясының қарсылығын үдетіп, соғыстың созылуына әсер етеді. Ресей Украина Қарулы күштеріне көрсетілген батыс көмегін жою үшін әлдеқайда ауқымды күш жұмсауына тура келеді. Ресейдің мақсаты айқын, бірақ Еуроодақ нені көздеп отыр", - деп жазылған материалда.
Бұл соғыс Еуропаны қуатты етіп жатыр ма? Жоқ, керісінше, оны барлық параметрі бойынша әлсіздендіріп жатыр. Бұл соғыс Еуропаның сыртқы күштерге тәуелділігін арттырып жатқанына бүгінде бүкіл әлем куә және ол сыртқы күш кім екенін де бәрі жақсы біледі.
Украинадағы соғыс ұзаққа созылған сайын атлантикалық жоба құрлықтық Еуропаны толығымен өзіне бағынысты етіп алады. Ал немістер мен француздардың біріккен Еуропа құру бойынша жоспарының күл-талқаны шығады.
Мақала авторының айтуынша, Ресей қалай болғанда да Украинаның бетін өзіне қаратады және әлемдегі мәртебесін арттырады. Ал Еуропа Украинадан айырылып қана қоймай, англосаксондардың ықпалын асыра түседі. Яғни Еуропа ең алдымен Украинаны игеру жоспарын жоғалтып, Ресеймен барлық байланыстан қол үзеді және мұның салдары экономикалық және геосаяси құлдырауға алып келеді.
Бұл тек бастамасы ғана. Соғыстың салдарынан кейін әлемде Еуроодақтың қандай ықпалы, сөз күші қалады? Ресеймен тұрақты қақтығыс және Қытаймен қырғи-қабақ болуда оның бірігіп, нығаюына кім көңіл бөледі? Алда әлі экономикалық дағдарыс, негізгі еуропалық экономиканың экспорттық әлеуетінің төмендеуі бар. Міне, Еуроодақ басшылығы тап қазір осы сұрақтарға жауап іздеуі керек. Өйткені Украинадағы соғысты созу арқылы Ресейді жазалап отырмын деп ойлайтын Еуроодақ өзі отырған бұтаны өзі шауып жатқанын байқамайтын сыңайлы.