11 сәуірден бастап Ресей, Қырғызстан және Өзбекстанмен шекарада барлық шектеулер алынады

Шетелдіктерге және шетел азаматтарына ПТР тестінің теріс нәтижесі бар анықтаманы көрсету талабы сақталады
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 6 сәуір – Sputnik. Қазақстанда эпидемиологиялық ахуалдың тұрақтануына байланысты бірқатар шектеуді алып тастау жөнінде шешім қабылданды.
Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен Қазақстан Республикасының аумағында коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті.
Эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтануын ескере отырып, биылғы 11 сәуірден бастап:
Ресей Федерациясымен, Өзбекстан және Қырғызстан Республикаларымен құрлықтағы өткізу пунктерінде Қазақстан азаматтарының, азаматтығы жоқ адамдардың және шетелдіктердің Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасынан өтуіне қойылған шектеулерді алып тастау туралы шешім қабылданды.
Сондай-ақ әуе қатынасы арқылы Қазақстан мемлекеттік шекарасын кесіп өтуге қойылған барлық шектеулер алынып тасталады.
"Бұл ретте қазақстандықтар мен Қазақстан Республикасының аумағында тұруға ықтиярхаты бар шетелдіктерге және шетел азаматтарына ПТР сынамасының теріс нәтижесі бар анықтаманы немесе вакциналау паспорттары өзара танылған жағдайда COVID-19-ға қарсы вакциналаудың, ревакциналаудың толық курсынан өткені туралы құжатты міндетті түрде ұсыну жөніндегі талап сақталады", - делінген хабарламада.
Вице-премьер өз сөзінде мемлекеттік шекараны ашу мәселесі мемлекет басшысының тұрақты жеке бақылауында екенін айтты.