НҰР-СҰЛТАН, 5 сәуір – Sputnik. Биыл ел экономикасының өсу болжамын 3,9%-тен 2,1%-ке дейін төмендеді. Бұл туралы ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Үкімет 2022 жылға арналған макроэкономикалық көрсеткіштер мен бюджеттік параметрлер болжамын нақтылады. Макрокөрсеткіштер болжамы сыртқы экономикалық жағдайды, әлемдік экономиканың дамуын бағалау, сонымен қатар мұнай нарығындағы үрдістерді ескере отырып нақтыланды.
Министрдің айтуынша, халықаралық қаржы ұйымдары биыл әлемдік ЖІӨ-нің өсу перспективасы төмендейді деп болжап отыр.
Осыны ескере отырып, ел экономикасының өсу болжамы 3,9%-тен 2,1%-ке дейін төмендеді. Бұл ретте номиналды жалпы ішкі өнім 91,5 триллион теңге көлемінде бағалануда. Бұл мақұлданған болжамнан 3,5 триллион теңгеге жоғары.
Ал инфляция дәлізі 8-10% дейін көтеріледі деп болжануда. Макрокөрсеткіштерді нақтылау кезінде мұнайдың орташа жылдық бағасы барреліне 90 АҚШ доллар деңгейінде айқындалды.
Сонымен қатар, Қуантыровтың айтуынша, президент қойған міндеттерді іске асыру және республикалық бюджеттің теңгерімділігін қамтамасыз ету үшін биыл Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт мөлшері 1,6 триллион теңгеге, яғни 4 триллион теңгеге дейін ұлғайтылады.