Ким Чен Ынның қарындасы Оңтүстік Кореяға ядролық қарумен сес көрсетті

Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 5 сәуір – Sputnik. Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ынның қарындасы, Корея Еңбек партиясы орталық комитеті бөлім басшысының орынбасары Ким Ё Чжон "егер Оңтүстік Корея әскери қақтығысқа барса, Пхеньян ядролық қаруды қолданады" деп мәлімдеді.
"Егер Оңтүстік Корея әскери қақтығысқа барса, біздің ядролық қарулы күштеріміз өз міндетін орындауға мәжбүр болады", - деді Ким Ё Чжон.
Ол сондай-ақ Оңтүстік Корея қорғаныс министрінің КХДР-ға қарсы алдын алатын соққы туралы айтуы "өте үлкен қателік" болғанын атап өтті, деп хабарлады РИА Новости.
Бұған дейін Ким Ё Чжон КХДР-ға қарсы алдын алатын соққы жасау мүмкіндігі туралы айтқаны үшін Оңтүстік Кореяның қорғаныс министрі Со Укты "қоқыс" деп атап, мұндай сөздердің Сеул үшін қайғылы салдары болатынын ескерткен.
Айта кетері, Со Ук 1 сәуір күні Оңтүстік Корея қарулы күштерінде Солтүстік Кореядағы кез келген нысананы дәл және жылдам жоя алатын көптеген зымыран бар деп мәлімдеді.